Үкімет басшысы өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді

0
34

Премьер-Министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары аясында «Семей орманы» табиғи резерваты аумағын әуеден тексеріп, Мемлекет басшысының өртенген қарағайлы орманды қалпына келтіру және өрттің алдын алу, орман шаруашылығындағы мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді. 

Бүгінгі таңда былтыр 66 мың гектарға жуық орман қоры зардап шеккен ірі орман өртінің салдарын жою мақсатында ағаштарды көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Үкімет басшысы табиғи резерват аумағындағы орман тәлімбағы кешені мен ағаш тұқымы стансасын аралап көрді, онда заманауи швед жабдықтары арқылы жеделдетілген технология бойынша жабық тамыр жүйесі бар қарағай көшеттері өсіріледі. Бір жылда мамандар екі рет:жалпы 3 млн көшетке дейін алады. Жабық тамыр жүйесі бар көшеттердің сапасы дәстүрлі әдіспен өсірілетіндерден жоғары, бұл орман дақылдарының жоғары деңгейде жерсінуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ резерват аумағында Ертіс өңірінің таспа қарағайын өсіру және қалпына келтіру жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Семей орманы» резерватының аумағына 70 мыңнан астам көшет отырғызылды.

 

Сонымен қатар сау көшеттерді дің зиянкестерінің таралуынан және қурап жатқан орманның жаңа ошақтарының пайда болуынан сақтау және қорғау мақсатында өртенген сүрекдіңдер кесіледі. Күйген ағаштарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін өңірде дайын өнім – ЛБТ, АЖТ, ББТ, отын брикеттерін шығаратын ағаш өңдеу кешенін салуға 7,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда Семей қаласының индустриалды аймағындағы 55 га жер телімін тіркеу рәсімі жүргізілуде. Бұл ретте өткен жылы табиғи резерват аумағында өз күшімен 38,3 мың текше метр жұмыр ағаш дайындалды. Жоба аясында 530 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Үкімет басшысы «Семей орманы» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті. Бүгінде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен орманды заңсыз кесу және ұрлау фактілерін анықтады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу