Ақтөбеде дауылдан соң үйлердің шатыры ұшып кетті
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көсембай ауылында қатты дауылдан соң үй мен мектеп жанындағы шағын орталық, клубтың шатыры ұшып кетті. Адам дін аман.
Қайыңды ауылдық округінің әкімі Kazinform тілшісіне төтенше жағдай туралы баяндап берді
«Кеше сағат 21:00 шамасында он минут бойы дауыл тұрып, жаңбыр жауды. Сол 10 минут ішінде 35 үйдің шатыры ұшты. Таңертең комиссия құрылып, адамдардан шығын туралы ақпарат жинады. Ертең ерте бағалаушылар келеді деп отырмыз. Сол кезде үйдің шығыны есептеледі. Бүгінде Қайыңды, Кемер өрт сөндіру жасақтары келіп, көшені тазалады. Ұшқан ағаш, шифер қалдықтарын жинап, полигонға тасыды. Жалпы 35 деп айтқаныммен, оның 33-і тұрғын үй, біреуі клуб, біреуі мектеп жанындағы шағын орталық. Төтенше жағдайды аудан әкімі жариялап кетті. Аудан әкімі келіп, хабарын айтты», — деді Қайыңды ауылдық округінің әкімі Жазылбек Абиев.