
Шымкентте жеке мекемеде 40-қа жуық мектеп жасындағы қыз балалардың заңсыз тұрып жатқаны анықталды. Олардың көпшілігі кәмелетке толмағандар болып, ата-анасының бақылауынсыз тұрған. Бұл заң бұзушылықты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қызметкерлері анықтады, деп хабарлайды Otyrar.kz.
Жеке қор 28 отбасының балаларын өз қамқорлығына алып, қажетті рұқсатты алмастан жұмыс істеген. Ата-аналар мұны тоқтата алмапты. Кейбір мектеп оқушылары онда үш жылға дейін тұрған, ал басқаларының келгеніне бірнеше ай ғана болыпты. Қор ресми тіркелгенімен, балаларды тәрбиелеуге құқығы болмаған. Қазіргі таңда оның қызметін тексеру үшін комиссия құрылды.
Қалалық білім басқармасының басшысы Нұрдәулет Абылаевтың айтуынша, қор басшылығы заңбұзушылық туралы білген.
Тексеруден кейін директорды, әкімшілікті, оқу және тәрбие жұмысымен айналысқан орынбасарларды және жағдайды жасырып қалған сынып жетекшілерін жауапкершілікке тартты.
Оқиға анықталғаннан кейін 33 қыз бала қалалық уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығына орналастырылды. Олардың барлығы №24 мектепте білім алған, мұғалімдер олардың жағдайын білгенімен, уәкілетті органдарға хабарламаған. Қазір ата-аналарды және тиісті шаралар қабылдамаған мұғалімдерді жауапқа тарту мәселесі қарастырылуда.