
Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» ауқымды бизнес-форум өтті. Халықаралық форумға Украина, Түркия, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен және еліміздің бірнеше қаласынан ірі компания иелері мен өкілдері қатысты.
Форум облысымыздың инвестициялық-экономикалық әлеуеті туралы презентациямен басталды. Ал, облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиынға қатысушыларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Сіздерді түркітілдес халықтардың жүрегі саналатын Түркістан қаласында қарсы алғаныма қуаныштымын! Бүгінгі іс-шара – идеялар алмасатын және жеткен жетістіктер туралы ой бөлісетін тамаша алаң. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы сауда-экономикалық байланыстарды және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін үлкен әлеуетке ие. Қазіргі уақытта өңірдің инвестициялық қоржынында 2025-2028 жылдарға жоспарланған 110 инвестициялық жоба бар. Бұл жобалар 4,6 миллиард АҚШ долларына дейін инвестиция тартуға және 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, өңірде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және индустриалды аймақтар сияқты инвестициялық алаңдар бар. Облыс әкімдігі инвесторлардың барлық бастамаларын қолдауға дайын екенін атап өткім келеді, – деді Нұралхан Көшеров.
Маңызды басқосуда «Түркістан Инвест» компаниясының басқарма төрағасы Өмірзақ Юсупов ұсынылатын инвестициялық мүмкіндіктер туралы баяндады.
Айта кетейік, өңірде 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Оның ішінде 160-тан астам компания шетелдік инвесторлардың қатысуымен жұмыс істеуде. Сонымен қатар 80 мыңнан астамы – шаруашылық және фермерлік қожалықтар. 2018 жылдан бері облысқа шамамен 9 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Ол өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға бағытталды.
Форум соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Шет мемлекеттерден келген инвесторлар облыстың инвестициялық әлеуетін оң бағалап, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.