
Витилиго қандай ауру, алапес деп жүргеніміз сол ма? Дерт неге жастар арасында дендеді? Бұл сұрақтарға Қызылорда облыстық тері және венерология диспансерінің дерматовенеролог дәрігері Рауа Кәрімова жауап берді.
Витилтиго — тері пигментациясы қызметінің бұзылуы, меланин жетіспеушілігі салдарынан пайда болатын, терідегі ақ дақтармен сипатталатын созылмалы аутоимунды тері ауруы.
— Ауру 10-35 аралығындағы адамдарда жиі кездеседі. Көбіне аяқ-қол, бет, ерін, мойын бөлігінде, жыныс мүшесінің айналасында кездеседі. Шаш терісінің қабатына шыққан жағдайда шаш ағарады. Өкініштісі сол, витилиго жасөспірімдер арасында көбейіп барады. Оған себеп — гормоналды және эмоционалды өзгеріс, сондай-ақ ұялы телефонды шектен тыс пайдалану. Инфекциялық ауру түрлерімен жиі ауырса, темір тапшылықты анемиясы бола тұра ұзақ уақыт ем қабылдамаса, витилиго шығып кету қаупі жоғары. Сонымен қатар 45 пен 55 жас аралығында ағза биологиялық тұрғыда өзгеріске ұшырайды, әйелдерде еттеккір циклі тоқтайды. Осы екі кезеңде витилиго жиі кездеседі, — деді Рауа Кәрімова.
Дәрігердің сөзіне сүйенсек, елімізде витилиго ауруы Д санатындағы есепке алынбайды.
— Көп қаржы адамның өміріне қауіпті қатерлі ісік, қант диабеті секілді дертті зерттеуге жұмсалады. Әлемде және Қазақстанда витилигоны маңызды ауру санамайды. Сондықтан оны зерттеуге мардымсыз қаржы бөлінеді, тіпті кейде бөлінбейді. Мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмек берілмейді. Біздің диспансерде арнайы тізімге енген науқастар фотокабинада жергілікті ультракүлгін сәулесі мен қосымша ем қабылдайды. Оны псориаз, атопиялық дерматит және тағы басқа тері ауруларына шалдыққан науқастар да пайдалана алады, — деді диспансердің дерматовенеролог дәрігері.