Мырзағали Айтжанов: Бәрін журналистер мен блогерлер шешетін болса, біз не істеп жүрміз?

0
128

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Олимпиада жолдамасы алынбаған жалғыз салмақ дәрежесі туралы айтты.

Қазір бокстан Қазақстан ерлер құрамасының қоржынында Париж Олимпиадасының 6 лицензиясы бар. Тек 63,5 келі салмақ дәрежесінде жолдама жоқ. Енді Таиландта өтетін соңғы лицензиялық турнирде осы салмақ бойынша жолдама алуға мүмкіндік бар. Мырзағали Айтжановтың айтуынша, журналистер мен блогерлер бұл жарысқа 67 келідегі боксшы Дулат Бекбауовты апару керегін айтып жатыр екен.

«Біріншіден, Дулаттың жеке бапкері осы салмаққа ауысатыны жайлы бір ауыз сөз айтқан емес. Екіншіден, бәрін журналистер мен блогерлер шешетін болса, біз ұлттық құрамада не істеп жүрміз? Үшіншіден, Дулат Бекбауов ұлттық құрама мүшесі. Егер 63,5 келіге ауысатын ойы болса, бізге келіп айтуы керек, жарыстарға осы салмақта қатысуы керек. Егер мұндай ниеттері болса, құрама бапкерлеріне айтуы тиіс. Содан соң, біз осы салмақтағы боксшылармен жұдырықтастырып, бәрін бағамдаймыз. Дулат пен бапкері маған бұл ойы туралы айтқан жоқ.  Ұлттық құрама мүшесі, егер салмақ ауыстыратын болса, тікелей келіп ақылдасуына еш кедергі жоқ. Ал жарысқа екі ай қалғанда мұндай әңгіме айту ойға қонбайды», – деді бапкер.

Мырзағали Айтжанов Таиландта өтетін соңғы лицензиялық турнирге 63,5 келі салмақтан кім баратыны әлі белгісіз екенін, боксшылардың арасында іріктеу өтіп, ең мықтысы ғана жарысқа жіберелетінін де атап өтті. Айта кетейік, бокстан екінші және соңғы әлемдік лицензиялық турнир 26 мамыр мен 2 маусым аралығында Бангкокте (Таиланд) өтеді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу