
Ақтөбе қаласында 75 үлескерден тұрғын үй құрылысы үшін 421 млн теңгеден астам қаражат жинап, тұрғындарды баспанасыз қалдырған компания басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Облыс прокуроры Марат Әбішевтің айтуынша, келісімшартқа сәйкес “Жилище” құрылыс компаниясының басшысы жинаған қаржысына екі тұрғын үй салу керек болған. Алайда ешқандай үй тұрғызылмаған.
Облыстық прокуратура аталған алаяқтық дерек бойынша құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық істі 2 сәуір күні сотқа жолдады. Соңғы жылдары облыста мұндай алаяқтық деректері көбеюде. Мәселен, қазіргі таңда Ақтөбеде құрылысы аяқталмаған 11 проблемалық тұрғын үй бар. Оларға 750-ге жуық үлескер ақша салған. Қаражаттың жалпы соммасы — 5,6 миллиард теңге. Біз қазір “Заң және тәртіп” қағидатын іске асыруда үлескерлердің құқықтарын қорғау жұмыстарын жүзеге асырып жатырмыз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, — дейді Марат Әбішев.
Оның айтуынша, былтыр Ақтөбеде бес құрылыс компаниясының басшылары 8 нысан бойынша қылмысқа тартылып, 6 жылға сотталған. Одан бөлек, прокуратура қызметкерлері 159 үлескердің өтініші бойынша сотқа екі талап-арыз жолдаған. Онда үлескерлердің сатып алу шарттарын жарамсыз деп танып, олардың пайдасына 2 млрд теңге өндіру талап етілген.
Алдағы уақытта біз тағы да осындай компания өкілдерінің сөзіне алданып қалған 600 үлескердің мүддесін қорғап, сотқа 6 талап-арыз жолдаймыз. Сондай-ақ аталған барлық проблемалық құрылыс нысанын бақылауда ұстаймыз. Ең бастысы, азаматтарға айтарымыз — белгісіз компанияларға сеніп, оларға қаражат салмаңыздар, сондай-ақ барлық рұқсат құжаттарын талап етіңіздер, — дейді облыс прокуроры.