Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты сот процесі басталды. Айыпталушы Ернар Жиенбай сот отырысында күтпеген мәлімдеме жасады. Ол сотта Руслан Берденовтің өзінен қастандықты қала әкімі Ғабит Сыздықбеков ұйымдастырған деген жалған нұсқаны айтуын сұрағанын жеткізді.
— Ең таңқаларлығы — Руслан Берденов маған бұл істің тапсырысы әкімнен келген деп айтуымды өтінді. Яғни, мені киллер ретінде жалдағандай етіп көрсетуімді сұрады. Тіпті, «сені о дүниеден де шығарып алам» деді, — деді Жиенбай сотта.
Алайда сөзін жалғастырып үлгермей, прокурор араласып, соттан сұрақтарға көшуін сұрады. Жиенбай бұл ретте: «Әкімнің бұл іске қатысы жоқ», — деп түйіндеді. Сот процесі мемлекеттік тілде және ашық түрде өтуде. Руслан Берденов сотқа қатысқан жоқ. Оның өкілі Жеңіс Тыныбектің айтуынша, жәбірленуші қазір ем қабылдап жатыр.
Айта кетейік, 28 шілде күні Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында алдын ала тыңдау өткен болатын. Сот Берденовтің негізгі отырысқа жеке қатысуын міндеттеді.
Тергеу материалдарына сүйенсек, 2025 жылдың 21 сәуірінде Ернар Жиенбай Шымкент қалалық құрылыс басқармасындағы бөлім басшысынан жұмысынан өз еркімен кетуі тиіс екені жайлы хабар алған. Бұл шешім Берденовтің тапсырмасы болғаны айтылады. Жиенбай Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша («Адам өлтіруге оқталу») айыпталуда. Ол бұған дейін «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің басшысы болған.
Еске сала кетейік, 21 сәуір кешке әкімдік ғимаратының жанында Руслан Берденовке оқ атылған. Ол жараланып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оған 4 сағат бойы ота жасады. Күдікті сол күні ұсталды. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Берденов сол күні жұмыс күнін қалыпты режимде өткізген. Таңертең аппарат жиналысына қатысып, күн бойы бірнеше басқарма басшыларымен кездесулер өткізген. Оқиға алдында ол қаладағы құрылыс нысандарын аралап, тұрғындармен жеке қабылдау өткізген. Берденов Шымкент әкімінің орынбасары болып 2025 жылдың ақпанында тағайындалған. Бұған дейін ол Мәжіліс депутаты болған.
