Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Айыпталушы Ернар Жиембай кінәсін ішінара мойындап, Берденовті қорқыту үшін аңшы мылтығымен атқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентті хабарлайды.
Сот отырысы кезінде судья Әбінұр Қарабаев айыпталушыдан кінәсін мойындайтын-мойындамайтынын сұрады.
«Кінәмді мойындаймын. Адам өлтіру немесе денсаулығына зиян келтіру ниетім болған жоқ. Қорқыту мақсатында әрекет еткенімді мойындаймын. Бірақ баппен (кісі өлтіруге оқталу – ред.) келіспеймін», – деп жауап берді Ернар Жиембай.
Оның айтуынша, қылмысқа баруына жұмыстағы келіспеушілік емес, қызғаныш себеп болған.
«Бұл ісіме өкінемін, оған қызғаныш себеп болды. Бұл менің ар-намысым. Жұмыстың мұнда еш қатысы жоқ», – деді ол.
Сотта жауап алу кезінде Ернар Жиембай отбасы туралы айтып, оқиғаға қатысты әлеуметтік желіде тараған қауесетті жоққа шығаруға тырысты.
«Екеуміз алтыншы сыныптан бері бірге оқыдық – менің адал жарым, сүйікті жарым. Ешқашан оның біреумен араласқанын көрген емеспін. Әлеуметтік желіде жазғандай, жеңіл жүрісті қыз емес, жақсы отбасынан шыққан тәрбиелі қыз», – дейді сотталушы.
Айтуынша, үлкен ұлы аутизммен ауырады. Олар Руслан Берденовтің туыстарымен бір көшеде тұрған, олардың да баласына осындай диагноз қойылған. Әйелі әлгі отбасымен жиі араласып, балаларды дамыту сабақтарына бірге апарып жүрген. Әйелі «касса» ойнап жүріп, Берденовпен де дастархандас болған. Ернар Жиембай сотта әйелінің телефонына келген хабарламаны байқап қалғанын айтты.
«Әйелімнің телефонын қарасам, Руслан Берденов оған лүпіл басып: «Сен әдемісің» деп жазыпты. Менде артық ой болған жоқ. Өзім де қарындастарыма осындай сөздер айтамын», –дейді ол.
Сондай-ақ сотталушы жұмыста қысым көргенін, әйелі ажырасуға арыз бергенін, Берденов оның фотоларына үнемі лүпілдер қойып жүргенін атап өтті.
Айыпталушы қастандық жасаудан бір күн бұрын Берденовпен кездесуге бара жатқанын айтып, әйелінен киімін дайындап қояуын сұраған. Алайда үйіне келгенде әйелі киімін дайындап үлгермегенін, жейдесінің шеті күйіп қалғанын білген.
«Кешігіп бара жаттым. Сол кезде ол маған Руслан Берденовтің қалай киінетінін айта бастады. Оған 5 миллион тұратын костюмдер ұнайтын көрінеді. Менің ойымша, бұл да бір себеп болды (қастандық жасауға – ред.)», – деді Жиембай сотта.
Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі бойынша (Адам өлтіруге оқталу) айып тағылған.
Сот мемлекеттік тілде өтіп жатыр. Жәбірленуші Руслан Берденов сотқа қатысқан жоқ. Өкілі Жеңіс Тыныбектің айтуынша, Руслан Берденов емделіп жатуына байланысты сотқа қатыспаған.
