
Елімізде қызғалдақтардың 10-нан аса түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Оны жұлғандар айыппұл төлеп, тіпті 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазақстанда қызғалдақтың қандай түрлері өседі?
Қызғалдақтар Қазақстан аумағында осыдан 11 миллионнан астам жыл бұрын пайда болған. Әлемде қызғалдақтың 3 мыңға жуық түрі бар болса, елімізде 35 түрі өседі. Оның тең жартысы – сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар гүлдер. Соның қатарында 18 түрлі қызғалдақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Олар:
Биберштейн қызғалдағы;
Альберт қызғалдағы;
Борщов қызғалдағы;
Грейг қызғалдағы;
Зинайда қызғалдағы;
Кауфман қызғалдағы;
Колпаковский қызғалдағы;
Қысқа аталық қызғалдағы;
Леман қызғалдағы;
Дарагүлдер қызғалдағы;
Островский қызғалдағы;
Кеш қызғалдақ;
Жатаған қызғалдақ;
Алакүлте қызғалдағы;
Регель қызғалдағы;
Күмәнді қызғалдақ;
Шымған қызғалдағы;
Шренк қызғалдағы.
Қызғалдақты неге жұлуға болмайды?
Елімізде өсімдіктерді жұлғандар заң аясында жазаланады. Бұл қылмыс болып есептеліп, Қылмыстық кодекстің 339-бабымен, яғни Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу бабымен реттеледі.
Қандай айыппұл салынады?
Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктерді жойғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Өсімдіктерді жұлған адам мынадай жаза арқалайды:
11 млн 796 мың теңге (3 000 АЕК-ке дейін) айыппұл;
түзеу жұмыстары;
800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар;
3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не мүлкін тәркілеп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
2025 жылы 1 АЕК 3 932 теңгеге тең екенін еске сала кетейік.