Тары шайға Балтакөлге келіңіз!

0
58
Өңірімізде тары ежелден Балтакөлдің мақтанышына айналған. Дегенмен, соңғы уақытта балтакөлдіктер тарыны Қостанай, Павлодар, Ақтөбе облыстарымен қатар Ресейден де тасымалдай бастапты. Осының жайын білмек болып, жолға шықтық.
Алдымен «Досжан ата» кооперативіне бардық. Кооператив басшысы Сабыржан Досжановтың жұмысын ұлы Ерасыл Жүрербек қолына алыпты. Айта кетейік, Ерасыл Жүрербек Түркістан қаласындағы Нұртас Оңдасынов атындағы мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатын «Алтын белгіге» бітірген. Ұлттық бірыңғай тесттен 135 балл жинап, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің экономика факультетіне грант негізінде оқуға түсіп, «Менеджмент» мамандығын алып шыққан. Жас маман еңбек жолын «BI Group» компаниясында қаржыгер болып бастайды. Бұдан кейін Түркістан қалалық әкімшілігінде қызмет етеді.
Маркетинг саласын жан-жақты меңгерген Ерасыл – қазір ауылда ата кәсіптің тізгінін ұстаған жас кәсіпкер. «Әкемнің денсаулығы сыр бергеннен кейін ауылға оралып, ата-бабамыздан қалған кәсіпті жалғастыруды мақсат еттім» дейді ол.
Былтыр «Досжан ата» кооперативі «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 2,5 пайызбен несие алыпты. Оған өндіріске қажетті техникалар сатып алынған, соның нәтижесінде бүгінде мұнда өндірілген өнім көлемі үш есеге артып отыр. Мәселен, шаруалар бұрнағы жылдары маусым уақытында 200 тонна өнім шығаратын болса, биыл жыл басынан бері 600 тонна өнім сатып үлгерген.
– Кооператив болғаннан кейін енді бізге егін егудің қажеті жоқ. Мұндай іспен шағын шаруашылықтар айналысады. Бүгінде кооператив құрамына ауылдағы 43 отбасы енген. Әуел баста 83 отбасы өтініш білдірген болатын. Оның 43-інің ғана құжаты талапқа сай болды. Біздің міндетіміз – осы шаруа қожалықтары тапсырған шикізатты дайын өнім етіп нарыққа шығару.
Тарының үш сортын егеміз. Жоғары сортты тарыны «Сандық» секілді ұлттық тағамдар дайындайтын мейрамханалар алады. Шеттен әкелінетін екінші сортты тарыдан талқан жасаймыз. Ал, олардың қалдығы, яғни үшінші сорты малға азық ретінде беріледі.
Алдымызға қойып отырған мақсаттың бірі – тарыны нарыққа санитарлық талапқа сай  пакеттерге салып, сауда белгісімен ұсыну. Оған арнайы техника алдық. Бірақ, сұраныстың көбеюіне байланысты бұл іске үлгере алмай жатырмыз. Жүк көліктерге күніне 8-9 тонна тары артамыз, – дейді Ерасыл.
Дегенмен, қазір ауыл тұрғындары еккен тары таусылыпты. Сондықтан, кооператив тарыны Қостанай, Павлодар, Ақтөбе облыстарынан алдырады. Тіпті, Ресейден де тасымалдайды. Шикізатты қуыру үшін 10 шақты үйге таратады. Әр тоннасына 40 мың теңге төлейді. Мәселен, Жексенбек Тұрарбекұлы отбасымен тары қуырады. Есігінің алдындағы 4 қазанның біреуінде тары қайнатылса, үшеуінде тары қуырылады.
– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша микроқаржы ұйымынан 2,5 пайызбен 5 миллион теңге несие алдым. Өздеріңіз көріп отырғандай, тары қуырып, «Досжан ата» кооперативіне өткіземін. Науқан уақытында таңғы сағат 6-дан түнгі 23.00-ге дейін отбасымызбен осы істің басында жүреміз. Болашақта өзіміз еккен тарыны дайын өнімге айналдыруды мақсат етіп отыр-мыз, – дейді диқан.
Аталмыш кооператив жиырма шақты отбасын жұмыспен қамтып отыр. «Бұған дейін де тары егіп, оны өңдеумен айналыстық қой. Бірақ, қазіргідей қарқынды емес еді» деген шаруалар өз істеріне дән риза. Балтакөлдіктер осы қарқынды жоғалтпаса нарықта шетелдерден келетін тарыларды ығыстыра алары анық. Бүгіннің өзінде Балтакөлдің тарысы еліміздің барлық қалаларындағы ірі сауда орындарында, базарларда сатылуда.
«Тарының адам ағзасына тигізер пайдасы орасан зор. Одан 16 түрлі тағам жасауға болады. Түркістан қаласында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне анамның тарыдан дайындаған тағамдарын апарып, көпшілікке ұсынып жүрмін. Әсіресе, айранға бұқтырылған тарыны сұрайтындар көп» дейді Ерасыл.
Тарының трендке айналғанына біраз болды. Қазір кез келген дәмханада тары шайға тапсырыс бере аласыз. Ал, қазіргідей Ұлыс тойы, ұлттық мерекелерде тарыдан жасалатын дәм түрлеріне сұраныс тіпті арта түседі. Ал, оны елдің түкпір-түкпіріне Балтакөлден «Досжан ата» кооперативі жібереді.
Ауылдың мақтанышына айналған дақылды нарық талабына сай етіп дайындап, ұсынуды қолға алған жас кәсіпкерлермен тілдесіп, көңіліміз марқайып қайтты.
Дилара БИМЕНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан» газеті
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу