Қайтарылған активтер: Cartier, Breguet, Tiffany, Ulysse Nardin Classic қол сағаттары аукционға шығарылады

0
15

Қоғамда елімізден заңсыз жылыстатылған активтерге байланысты туындап отырған сұрақ аз емес. Кейінгі уақытта бұл бағытта мемлекет тарапынан ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқаны белгілі. Алайда көпшілік қайтарылған активтердің кімдердің басқаруына берілгенін, қайда сақталатынын, сондай-ақ олардың өткізілуі жөнінде дәйекті ақпаратты білгісі келеді.

Осыған орай Қайтарылған активтерді басқару компаниясына хабарласып, қолға алынған жұмыстары туралы сұрап білген едік.

Аталған компанияның қызметі «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңы аясында белгіленген. Активтердің тиімді басқарылуы мен сақтау турасында, сондай-ақ олардың құнын арттыруға байланысты мәлімет ресми сайттарында орналастырылған.

Компанияның баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, қайтарылған активтердің арасында сұранысы жоғары зергерлік бұйымдар мен әлемге әйгілі брендтердің қол сағаттары бар. Мысалы, Cartier, Breguet және Tiffany сынды танымал маркалардың бұйымдары сатылымға шығарылған. Ал 214,4 млн теңге тұратын шектеулі шығарылымдағы Ulysse Nardin Classic 789-80 қол сағаты аталған бұйымдардың ішіндегі ең құнды заттардың бірі саналады. Сонымен қатар екі сырға, тізбектелген алқа және екі сақинадан тұратын гауһар жиынтығы 85 млн теңгеге бағаланып отыр.

«Активтерді сату ашық әрі тиісті заңға сәйкес әділ түрде жүргізіледі», — дейді компанияның өкілдері.

Сауда-саттық аукцион арқылы, оның ішінде электронды форматта өткізіледі. Әр актив тәуелсіз бағалаушының белгілеген бағасына сәйкес сатылады. Зергерлік бұйымдар мен сағаттардың бағасы дүкендегі бағадан төмен болуы мүмкін. Активтердің өтімділігі жоғары немесе нарық бағасымен сатуға қолайлы болса, онда сатуға қойылады.

«Егер де активтер бір сауда циклынан өтпеген жағдайда олар e-Qazyna порталы арқылы қайта сатылымға шығарылады. Бұл әдіс активтерді сатудың ашықтығын қамтамасыз етіп, нарықтағы сұранысқа сәйкес бағаны қалыптастырады», — деп нақтылады ҚАБК -ның мамандары.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу