
Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа шатылмаған мекеме аз десек, жаңылмайтын шығармыз. Солардың ішінде сынға ең көп ұшырап жүргені – білім саласы. Антикор тарапынан жүргізілген тексерулерге сенсек, ебін тапқан есепшілер біраз жылдар бойы өмірде жоқ адамдардың атына ақша аударып, мемлекет қаржысын талан-таражға салып келген. Талдықорған қаласында орын алған осы заңсыздықтан кейін республикадағы барлық мектептер тексеріле бастады.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің статистикалық деректеріне сүйенсек, ең ірі ақша жымқыру фактілері Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында орын алған. Әсіресе, бұл жағдай Түркістан облысында асқынып тұр. Айталық, Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімі қызметкерлері соңғы үш-төрт жыл ішінде 3,7 млрд. теңгені қолды қылған. Тергеу мәліметіне сүйенсек, олар 2020-2023 жылдары білім беру саласында жұмыс істемейтін адамдарға ақша аударып, кейбір мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы төлеген. Бұл іс бойынша 14 адам жауапкершілікке тартылса, олардан 39 жылжымайтын мүлік, 44 автокөлік, зергерлік бұйымдар мен қомақты ақша тәркіленген.
Былтыр ақпан айының басында Жетісай аудандық білім бөлімінің есепшілері 530 млн. теңге жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу барысында есепшілердің алдын-ала сөз байласып, мектеп қызметкерлерінің анкеталық мәліметтерін өзгерту арқылы жалақыға бөлінген қаржыны талан-таражға салғаны анықталды. Қылмыстық іске қатысты үш күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Осыдан кейін Мақтаарал аудандық білім бөлімінің есепшісі өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды. Түркістан облысының әр аудан-қалаларында жүргізілген экономикалық тексеру де біраз былықтың бетін ашқандай. Былтыр жыл басында ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті Келес аудандық білім бөлімінің бухгалтерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жария етті. Олардың жымқырған қаржысы 400 млн. теңгеден асады. Агенттік бұдан кейін Мақтаарал аудандық білім бөлімі есепшілерінің 1,2 млрд. теңге және олардың Бәйдібек ауданындағы әріптестері 600 млн. теңге көлемінде қаржыны қолды қылғанын мәлімдеді.
Соңғы жылдары білім саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын көбейіп келеді. 2021 жылдан бері оқытушылардың еңбекақысы екі есеге көтеріліп, оған қосымша төлемдер белгіленді. Бұл – біліктілік санаты, магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде жүргізу, дәптер тексеру, сынып жетекшілігі, жаңартылған мазмұндағы жұмыс және тәлімгерлік үшін төленетін төлемдер. Бүгінде толық жүктемесі бар маман 300 мың теңгеге дейін, ал, біліктілік санаты жоғары ұстаздар 600 мың теңгеге дейін жалақы алады. Осындай қолдауға қарамастан мектептерде сыбайлас жемқорлық деректері тыйылмай тұр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері білім беру саласындағы жемқорлықтың қылмыстық схемасын анықтады. Бір қызығы, еліміздің барлық аймағы осы схема бойынша жұмыс істеген. Мұндағы есепшілердің қитұрқы әрекеттеріне таңданбасқа шараң қалмайды. Олар ақшаны жоспарлаудан бастап оны заңсыз жолмен иемденуге дейінгі барлық процесті өздері жүргізген. Яғни бюджеттік өтінімді құрастырған кезден бастап алдағы жейтін сомаларына дейін белгілеп отырған. Айталық, мектеп қызметкерлерінің тізімін жасау кезінде есепшілер соңына жалған жалақы сомасын көрсететін бос жолдарды қосады. Бірақ, бұл бос жолды электрондық кестеде көрсетпейді. Бұдан бөлек, қызметкерлердің жұмыс өтілін ұлғайту, ауырған және бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан қызметкерлерге төленетін ақыны және оқушылар санын көбейтіп көрсету арқылы бюджеттік өтінімдегі соманы қолдан көбейту фактілері тіркелген. Яғни қызметкерлерге жалақыны оның лауазымына қарағанда көп аудару, мектепте жұмыс істемейтін адамдарға жалақы төлеу, жалақыны есепшілер өздерінің шоттарына аударып, бірақ, төлем талонында басқа адамның атын көрсету, бір адамға бірнеше рет ақша аудару, туыстары мен жақындарына ақша аудару сияқты схемаларды пайдаланған. Есепшілер бұл жерде мектептің есептік жүйелері, ұлттық білім беру базасы және «Қазынашылық- клиент» жүйесі арасындағы үйлесімнің жоқтығын шебер пайдаланған.
Бір қызығы, миллиардтаған теңге қолды болып жатса да, бірде-бір мектеп басшысы жауапқа тартылмаған. Неге десеңіз, мектеп басшыларының бұл істерге титтей де қатысы жоқ көрінеді. Олар есепшілер қолданатын бағдарламалардан да, тіпті, қызметкерлер жалақысын есептеуден де хабарсыз екен. Былайша айтқанда, есепшіге өзінің электронды цифрлық қолтаңбасын беріп, білгеніңді істей бер дегендей… Ал, басшысының мұндай әрекетін есепшілер басқа мақсатқа пайдаланатын көрінеді.
Міне, бұл мәселе қолданыстағы заңға өзгерістер енгізуге түрткі болды. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес, бұдан былай электронды цифрлық қолтаңба кілтін бөтен адамға бергендер де, сондай-ақ өзгенің цифрлық қолтаңбасын пайдаланғандар да қатар жазаланатын болды. Жаңа өзгеріс наурыз айынан бастап қолданысқа енгізілді. Енді мұндай әрекетке жол бергендер қомақты айыппұл төлейді. Мәселен, бұдан былай өзге адамның цифрлық қолтаңбасын пайдаланған жеке тұлғаларға 50 АЕК көлемінде, яғни
199 600 теңге, ал, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға 100 АЕК, яғни 393 200 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Ал, басқа адамның цифрлық қолтаңбасын пайдалануға қатаң тыйым салынған соң мекеме есептік аударымдарды қалай жүргізеді? «Электронды құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес, мекеме басшысы немесе оны алмастыратын адам мекеме қызметкеріне немесе өзі тағайындаған адамға электронды құжатқа қол қоюға өкілеттіктер беруге құқылы. Яғни қол қоюға құқығы бар қызметкер өз атына алынған цифрлық қолтаңба кілтін пайдаланады. Осылайша бухгалтерлердің төл ЭЦҚ-сы жасалып, онда оның ЖСН-і мен аты-жөні жазылады. Соның көмегімен ол ақша аударымдарын, салықтық есептілікті тапсырып, мекеме атынан басқа да қажетті іс-әрекеттерді жүзеге асыруына болады. Бұл ретте өкілеттіктердің басқаға табысталғанын құжат жүзінде ресімдеу қажет. Мұны еңбек келісімшарты арқылы немесе қосымша келісімшарт арқылы жасауға болады. Онда нақты бір тұлғаға қандай өкілеттіктер берілетіні анық көрсетілуі тиіс. Егер ол адам өкілеттігін асыра пайдаланса, бұрынғыдай бастығы емес, өзі жауап береді.
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ