
Жетісай ауданында Әкелер күніне орай тәрбие мен тағылымға толы ерекше кездесу өтті. Іс-шараны аудандық «Асыл қазына – тең қоғам» мекемесі ұйымдастырып, оған Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, «Әкелер мектебінің» мүшелері мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтбай Махамбетов арнайы қатысты.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері мен жиналған азаматтар еркін форматта пікір алмасып, отбасындағы әкенің рөлі, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбітті. Сондай-ақ қатысушылар шахмат ойыны арқылы қарым-қатынасты жандандырып, достық пен сыйластыққа негізделген орта қалыптастырды.
Басқосу барысында сөз алған Айтбай Махамбетов әкенің қоғамдағы орнын айқындай отырып, бүгінгі ұрпаққа өнеге көрсету – барша ер-азаматтың парызы екенін атап өтті.
– Балаға тәрбие беру – тек ананың міндеті емес, әке де үлгі көрсетуші тұлға. Әке – отбасының тірегі, қоғамның тұрақтылығының кепілі. Мұндай кездесулер жастар арасында рухани-адамгершілік тәрбиені нығайтуға сеп болады, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Кездесу жылы шырайлы, еркін әрі достық атмосферада өтті. Полиция қызметкерлері бұл секілді рухани бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Бұл бастама қоғам мен құқық қорғау саласы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, отбасылық институтты қолдау мен ұлттық тәрбиені жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.