
Жетісай ауданында полиция қызметкерлері тек тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қамқорлық көрсету бағытында да үлгі боларлық іс атқаруда. Жуырда Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қала тұрғыны, 1930 жылы туған Сафарова Сайда анамызға көмек қолын созды.
Тәртіп сақшылары қарт анамыздың жеке басын куәландыратын құжаттарының мерзімі өтіп кеткенін анықтап, бірден тиісті мемлекеттік мекемелермен байланысып, құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесті. Полицейлер анамызды мекемелерге ертіп апарып, қажетті рәсімдерден өтуіне жан-жақты қолдау көрсетті.
– Қарттар – біздің асыл қазынамыз. Оларға қол ұшын беру – біздің азаматтық және адами міндетіміз. Әсіресе, жалғызбасты немесе әлеуметтік осал топтағы жандарға көмек көрсету – қоғам алдындағы жауапкершілік. Мұндай қамқорлық істері алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері.
Қызмет бабындағы мұндай жүректен шыққан іс-шаралар құқық қорғау органдарының адами қырын айқындап, халықпен арадағы сенімді нығайта түсетіні сөзсіз.
Сайда апа өз кезегінде полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. «Бүгінгідей қамқорлықты көріп, көңілім бір марқайып қалды. Ел ішінде мұндай азаматтардың бар екені – үлкен үміттің нышаны», – деді ол.
Мұндай игі істер – қоғамдағы мейірімділік пен жауапкершілік мәдениетінің айнасы. Қайырымдылық – міндет емес, жүрек ісі екенін дәлелдеп жүрген тәртіп сақшыларына алғыс білдіреміз.