
Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы – қазақ халқының рухани қазынасы, мәңгілік мұрасы. Осы құндылықты насихаттау мақсатында Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Абайдың 180 жылдығына орай ерекше челлендж ұйымдастырды.
Шара аясында тәртіп сақшылары ақын өлеңдерін жатқа оқып, олардың бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жариялады. Бастама ұлттық рухани мұраны ұлықтау, жастарға үлгі көрсету, және қоғамда мәдени-әдеби құндылықтарды дәріптеу мақсатында қолға алынған.
– Абай – тек ақын емес, ол – халықтың ой-санасын тәрбиелеген кемеңгер. Біз полиция қызметкерлері ретінде қоғам алдында жауапты ғана емес, сонымен қатар рухани жағынан да үлгі болуға тиіспіз. Бұл челлендж арқылы біз жастарды кітап оқуға, поэзияға жақын болуға шақырамыз, – дейді шара ұйымдастырушылары.
Челлендж эстафеталық форматта өтіп, өзге аудандық бөлімдер мен ұйымдарға да жолданды. Бастама көпшіліктің қызығушылығын тудырып, әлеуметтік желілерде жылы пікірлерге ие болды.
Тәртіп сақшыларының бұл қадамы қоғам мен құқық қорғау саласы арасындағы рухани байланысты нығайтып, полиция қызметінің мәдени-адамгершілік келбетін ашып көрсетті.