
1948 жылы түсіріліп, қытайдың кино тарихына классиканың биік шыңы ретінде енген «Қалашықтағы көктем» фильмінде қазақтың екі халық әні орындалып, көрерменді тәнті еткенін білесіз бе?
Классиканың классикасы
«Қалашықтағы көктем» фильмі 1948 жылы түсірілген. Фильмнің режиссері – Фэй Му (1906-1951). Ол – қытайдың поэтикалық кино мектебінің негізін қалаған аса талантты өнер иесі. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де, Фэй Му әйел жанының нәзік иірімін, ішкі бұлқынысын, жүрек толғанысын кино тілімен шебер суреттей білгендігімен аңызға айналады.
Фильм Қытайды жайлаған қаржылық дағдарысқа байланысты шанхайлық Вэньхуа кино компаниясының жобасына сәйкес төмен бюджетпен түсірілген. Ақ-қара түсті фильмнің сюжеті мен декорациясының минималистік сипатта болуының басты себебі осында. Фильмде небәрі бес-ақ кейіпкер бар. Картина кейіпкерлердің сезім әлемі мен шынайы өмір арасындағы бітіспес қайшылықтан сыр шертіп, адамның моральдық санасының терең қырларын ашуға талпынып, қытай интеллигенциясын дәстүр сабақтастығы мен этикалық қағидаларды берік ұстануға шақырады.
Сюжет былай өрбиді: үй-орманы қаңырап, кетеуі кеткен ескі аулада өмір кешкен жас келіншек Юйвэнь мен оның сырқат күйеуі Лияньның арасын белгісіз салқындық жайлағанына ұзақ жылдар болған еді. Екеуі бір-бірінен тым алшақтап, тіл табыса алмайтын халге жеткен. Юйвэнь жалғыз өзі қала қорғанында серуендеп, ойға шомғанды ұнататын. Ал соғыс салдарынан құлдыраған шаруашылығын аяғынан тұрғызуға жалғызілікті дәрменсіздігі мен бойын меңдеген сырқаты қол байлау болған Лиянь жұбайымен арадағы салқындықты қабылдай алмай, оңашада аһ ұратын. Олардың қасында сүреңсіз өмірге иненің жасуындай жылы сәуле сепкен жарқын жүзді Дайсю (Лияньның қарындасы) және жұмысына адал қарт қызметші Лаохуан да бар еді.
Лияньның жан аяспас досы, Юйвэньнің сөз байласуға үлгермеген бала ғашығы – білікті дәрігер Чжичэннің он жылдан кейін аяқ астынан елге оралып, осы шаңырақта он күн бойы қонақта болуы сілтідей тынған бұйығы тыныштыққа тас лақтырып, барша жанның көңілінде толқын тудырады. Сөнген сезім қайта оянып, қос жүректе сүйіспеншілік оты қайта лаулайды. Жауқазын жүрек жас сұлу – Дайсю де Чжичэннің жарқын бейнесі мен парасат тұнған сыпайы мінезіне құлай ғашық болады. Сөйтіп фильм сюжеті тағдыр табыстырған төртеудің сезім толқыныстары негізінде әрі қарай өрби береді…
Атышулы «Мәдени революция» жылдарында аяусыз сын тезіне алынғанмен, қытайлық өнертанушылар «классиканың классикасы», «Қытайдың кино тарихындағы теңдесі жоқ туынды», «қытайтілді кинолардың үздік жүздігінің бетке ұстары» деп тамсанатын «Қалашықтағы көктемнің» бағын жандырып, бағасын арттырған күрделі көркемдік шешімдер қатарында қазақтың халық әндері «Дудар-ай» мен «Қайран жалған» (әрине, қытайша аудармасы) да болғанын айтпай кету қиянат болар еді.
Ендеше «Қиырдағы қытай киносында қазақ әндері қалайша саундтрек ретінде пайдаланылған?» деген сұрақ тууы даусыз.
Бұған жауап табу үшін Ван Лобинь жайлы сөз қозғамау мүмкін емес.
«Батыс Қытайдың ән падишасы»
Ван Лобинь (1913-1996) – қытайлық композитор және этномузыкатанушы. 1930 жылы Бейжің педагогикалық университетінің музыка факультетіне оқуға түскен. Бірақ оқуын аяқтай алмай, 1934 жылы Маньчжурия өлкесіне кетіп, теміржолшы болып жұмысқа орналасады. Кейінірек Харбиндегі орыс эмигранттарының консерваториясынан сырттай білім алады. 1938 жылдың сәуір айында Ланьчжоу қаласына жылыстап, солтүстік-батыс Қытай театр труппасына жұмысқа тұрады. Қараша айында саяси қудалау салдарынан Цинхай (Көккөл) провинциясына қашып барып, Синин дүнген мектебінде музыка пәнінің мұғалімі болады. 1941 жылы Ланьчжоуға жеке сапармен барып, 3 жыл бойы абақтыда отырады. 1944 жылы Цинхай провинциясының төрағасы Ма Буфанның араша түсуімен түрмеден босап шығып, Сининдегі жұмысына оралады. 1949 жылы үгіт жұмысына тартылып, Қытай халық-азаттық армиясының сабында Шыңжаңға жол тартады. Оның қалған ғұмыры халық өнерінің бай қазынасы тұнып жатқан Шығыс Түркістан топырағында өтеді, үш мәрте тұтқындалып (1951, 1954 және 1965 жылдары), аттай 20 жыл бойы қамауда, айдауда болады. Тар есік, тас босағада жүріп-ақ, туған халқының көз қуанышына айналған мәңгілік әндерді өмірге әкеледі. Әсіресе, жергілікті қазақ, ұйғыр ұлттарының халық әндерін жинақтап, жаңғыртып, қытайтілді аудиторияға насихаттау жолында айтарлықтай еңбек етеді. Қытайлықтар оны төбесіне көтеріп, «Батыс Қытайдың ән падишасы» деп атап кетеді.
Әрине, Ван Лобинь шығармашылығы жайында әр алуан өткір пікір бар. Әсіресе, ел аузында оның ауыл үйдің моншағын күндіз ұрлап, түнде таққаны – қазақ, ұйғыр әндерінің асыл қазынасына қол сұғып, халық өнерінің інжу-маржанын өз авторлығымен жариялағаны туралы әңгіме жиі айтылады. Біз бұл жазбамызда атышулы ұрлық жайлы асығыс пікір білдіруді жөн санамадық. Дегенмен, Ван Лобинь шығармашылығының шоқтығы саналатын «Сонау алыс шалғайда» әні жайлы этномузыкатанушының өзіне сөз берсек:
– 1938-1939 жылдары Шыңжаңның бір қауым қазағы жергілікті билеушімен (Шэн Шицайды меңзеп отыр – Е.М.) араздасып, Ганьсудың Хэси өңіріне қашып барды. Олардың бір бөлігі Цилянь тауының (қазақтар Шүлен тау деп атаған – Е.М.) теріскей қапталын жайлады да, енді бір бөлігі Цинхайдың Хайси аймағына дейін жетті. (Қазақтардан) отыз шақты адам билеушімен (Ма Буфанды меңзеп отыр – Е.М.) «бағыну» ісін ақылдасу үшін Сининге барды. Олардың арасында әншілер мен домбырашылар да бар екен… Қаланың солтүстік қақпасының сыртындағы саябақта үш күн бойы сауық-сайран құрдық. Мен 20-дан астам халық әнін жазып алдым. Арамызға ұйғыр саудагері Абдуқадыр аудармашы болды. Тілдік шектемеге байланысты ән мәтіндерін бұлжытпай аударуға мүмкіндік болмады, аударма үстірт, шалағай жасалды. Қысқасы, 1939 жылдың көктемінде өзім жазып алған халық әндерінен іріктелген он шақты туынды соғыс майданынан алыс өлкелерге тез тарап кетті. Олардың қатарында «Сонау алыс шалғайда», «Дудар мен Мариям», «Қош келдің», «Ауған қазақ», «Ымырттағы түтін», «Тяньшань асқан», «Көз байланғанда», «Жорға тай», «Жете алмадым жер шалғай», «Сұлу қыз» т.б. әндер бар, – деп еске алады Ван Лобинь 1980 жылы 1 тамызда Сининдегі көнекөз досына жазған хатында.
Осында айтылған «Дудар мен Мариям» (бұл ән Қытайда көбінесе «Сүйікті раушан» деген атпен белгілі) Мариям Жагорқызының «Дудар-ай» әнінің жаңғыртылған, өңделген нұсқасы екеніне бұл күнде ешкімнің таласы жоқ. Алайда «Сонау алыс шалғайда» әнінің қазақша түпнұсқасы жайлы қытайлық өнертанушылар арасында дау бар. Кейде тіпті, қазақтың халық әні екеніне шүбә келтіріп, «Цинхайдың немесе Тибеттің әні болар» деп бұра тартатындар да жоқ емес. Дегенмен, Ван Лобиньның жан досы, 1939 жылы Сининде мектеп директоры қызметін атқарған Чжоу Икуй мырзаның берген куәлігі өлмес туындының Тибет жотасында өмірге келген қазақ әні екеніне көз жеткізе түседі:
– 1938 жылы Шыңжаңнан Цинхайға мың шақты қазақ ауып келді. Сининге келген азын-аулақ қазақтың арасында әншілер де бар екенін естіп, Ван Лобиньның олармен танысқысы келді… Шамамен (1939 жылдың) мамыр айы болу керек, екеуіміз саябаққа бардық. Ол екі ұйғыр саудагер мен екі қазақ әншіні шақырыпты. Күні бойы саябақта ән салдық. Жасы үлкендеу қазақ әнші әзілкеш, ашық-жарқын кісі екен, дауысы өте жағымды, әнді асқақтатып, ынта-шынтасымен беріліп орындады. Бірақ әннің әуенін қалауына қарай құбылта береді екен. (Бір әнді) екінші мәрте орындағанда, алдыңғысынан басқаша түрленіп естіледі екен. Оның үстіне, көмейінен қайыратын өзгеше колоратура бар. Ван Лобинь таң-тамаша қалып, қатты қызықты. Қартаң қазақ домбырамен алты-жеті ән орындады. Ван Лобинь «Таң атқанша күтемін» және «Дудар мен Мариям» деген екі әнді жазып алды. Жас қазақ Ван Лобинь Ганьсуде жазып алған «Сен күткен жан қойда жүр» деген әнді орындады. Әуені бірдей болғанмен, сөзі басқаша екен. Оның ізінше ұйғыр әншісі де қазақтың «Шопан әнін» шырқап қоя берді, алдыңғы әнмен сарындас, бірақ әуені жеңілдеу, ал сөзі мүлде бөтен. Қартаң қазақ «қазақ әндері осылай, әр әнші өзінше түрлендіріп айта береді» деп түсіндірді. Атақты «Сонау алыс шалғайда» әніне негіз болған түпнұсқа әуен осылай жазып алынған еді.
Демек, Ван Лобиньның атағын асқақтатқан «Сонау алыс шалғайда» әнінің де төркіні қазақтан екені күдік тудырмауға тиіс. Алайда ән мәтінінің қытай тіліне дұрыс аударылмауы, керек десеңіз бұрмаланып жетуі, әуенінің де айтарлықтай өңделуі түпнұсқаны жазбай табуға қиындық тудырса керек. Дегенмен көптеген зерттеушілер әлемдік классикалар жауһарына енген осы туындының қазақы нұсқасы ретінде «Қайран жалған» әнін атайды.
«Бота боздап, сорлаған ел босып ауған…»
Қытайда тұратын белгілі жазушы, Бұланай (Гималай) асқан Ұлы көш жайлы толымды еңбек жазған Әпетай Мұқарапұлының келтірген мәліметтері біз ұсынған деректердің шүбәсыздығын дәлелдей түседі. Онда айтылғандай, Сұлтаншәріп Зуқаұлы (1891-1954) бастаған қазақ көшінің өкілдері Цинхайдың жергілікті әкімшілігімен келіссөз жүргізу үшін Сининге барған сапарында саябақта өткен сауық кешінде «Қайран жалған» әнін алдымен Жақып пен Бибол, сосын Гүланда мен Жиған деген ауыл өнерпаздары қос дауыспен шырқап, жиналған жұртты таң-тамаша етеді. Атақты сыбызғышы Елікбайдың кіші баласы Қошанай шерткен кеңес бойынша, қазақ өкілдері қалада бір жұма аялдайды. Сапардың бесінші күні Цинхайдың жергілікті ансамблі осы әнді әуенін өзгертпестен қытай тілінде қазақтардың өзіне қайта орындап береді. Қошанай ақсақалдың айтуынша, 1939 жылы Ганьсудың Сүр өзенінің бойында Қазыбек Босжанұлы деген атақты байдың асы беріледі. Аста ат шаптырылып, әнші-күйшілер өнер көрсетеді. Сыбызғышы Мұқамәди Елікбайұлы «Қайран жалған» әнін сыбызғымен орындағанда, туған жерді сағынған бүкіл ел қосыла жылапты. Қазақ көшін бастаған ел ағаларының бірі Зайып Ақыпұлы (1878-1939) дән разы болып, орындаушыға қаракөк ат мінгізген екен.
Ал Мәуліхан Займоллаұлының ел аузынан жазып алуы бойынша, «Қайран жалған» әнінің мәтіні келесідей:
Сонау алыс Сауырда қалды-ау сүйген жар,
Аттанарда «қош» десе алмай болдым-ау зар, қайран жалған.
Кербаланың шөліндей құлазиды,
Кең деуші еді бұл дүние недеген тар, қайран жалған.
Айдай татыр шетіне жетемін бе?
Құлагер ат аяңдайды тепеңімде, қайран жалған.
Әзер тапқан алаштан, дегдарым-ай,
Ақ жүзіңді бір көре алмай кетемін бе, қайран жалған.
Көш асады қайқайып қарлы таудан,
Егей-егей ел едік біз нарды сауған, қайран жалған.
Айырды ма шынымен туған жерден,
Бота боздап, сорлаған ел, босып ауған, қайран жалған.
Азаттық аңсап, ата жұрттан ауа көшкен босқын елдің басындағы ауыр халды айнытпай жеткізген «Қайран жалған» әнінің мәтіні, өкінішке қарай, қытайша нұсқасында мүлде басқаша құбылып, ай қабақ, алтын кірпік арудың сұлу көркін сипаттаған махаббат лирикасына ауысқан. Бұл кемістік Ван Лобинь жаңғыртқан қазақ, ұйғыр халық әндерінің көпшілігіне ортақ. Шын мәнінде, бұл халық өнеріне, фольклорлық мұраларға жасалған қиянат және суық қол жиендіктен де ауыр қылмыс еді.
Мейлі қалай десек те, Ван Лобинь жазып алған «Дудар-ай» мен «Қайран жалған» әндері жылға жетер-жетпес уақытта бүкіл Қытайды шарлап кетеді. 1947 жылы атақты Поль Робсон (1898-1976) Шанхайда БҰҰ-ның құрметіне арналған ұлан-асыр концертте «Сонау алыс шалғайда» әнін Қытайдың халық әні ретінде ағылшын тілінде орындайды.
Әннің сыршыл, мұңлы әуені сезімтал Фэй Мудың да жүрек қылын шертіп, «Дудар-аймен» бірге «Қалашықтағы көктем» фильміне саундтрек ретінде пайдаланылады.
Сондай-ақ ән Рашид Бейбутов (1915-1989), Дайана Росс (1944), Пласидо Доминго (1941), Хосе Каррерас (1946), т.б. өнер алыптарының репертуарына енеді. (Айтпақтайын, «Дудар-ай» бұрынғы ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминьнің, ал «Сонау алыс шалғайда» Ху Цзиньтаоның сүйікті әні болған).
Ән 1991 жылы Қытайдың «Алтын пластинка арнайы сыйлығымен» марапатталса, 1992 жылы «XX ғасырдағы қытай музыка өнерінің классикалары» тізіміне кіреді. 2007 жылы 24 қазанда Айды зерттеуге арналған «Чанъэ-1» жер серігі Жерден 380 мың шақырым қашықтықта «Сонау алыс шалғайда» әнін ойнатады.
«Қытай өнерінің інжуі, ән тәжінің жақұты» атанған қазақ әнінің біз білетін тарихы осындай.