
Қазығұрт ауданында мемлекеттік отбасылық саясатты жүйелі жүргізуге бағытталған әлеуметтік нысандар қатары тағы бір жаңа ғимаратпен толықты. Еліміздің барлық өңірлерінде отбасын қолдау орталықтарын құру жөнінде ел Президенті Жарлығымен бекітілген «ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына сәйкес аудандық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі жанынан «Отбасын қолдау орталығы» ашылды.
Аталмыш коммуналдық мемлекеттік мекеме осы жылдың қаңтар айында тіркеуден өткен. Орталықта 14 қызметкер жұмыс істейді. Екі қабатты ғимаратқа орналасқан мекемеде 14 жатын орын (оның ішінде балаларға арналған 8 жатын орын), 6 жұмыс бөлмесі, 2 азаматтарды қабылдау орны бар.
Жаңа әлеуметтік нысанның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімі Азизхан Исмаилов мекеме жұмысының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол орталық қызметкерлері тұрғындардың түрлі әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіп, отбасы институтын дамытуға қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Орталық – өмірлік қиын жағдайларға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер мен көмектер беріп, 9 бағыт бойынша консультациялық қызмет көрсетеді.