
Қай елдің де егемендігі мен біртұтастығының бірден-бір айшықты көрінісі, ол – Мемлекеттік рәміздері. 1992 жылы 4 маусымда тәуелсіз еліміздің Мемлекеттік туы, Елтаңбасы, Әнұраны ресми түрде қабылданды. Міне, содан бері бұл тарихи күнді бүкіл ел болып мерекелеп келеміз.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздер туралы» конституциялық Заңына сәйкес, елімізде тұратын әрбір азамат рәміздерді құрметтеуге міндетті. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда тәуелсіз еліміздің көк байрағын, ерекше елтаңбасын, асқақ әнұранын құрмет тұтудың мәні өте зор. Дегенмен, елдің осы бір құндылықтарын қалай қадірлеп жүрміз? Рәміздерге жүрегіміздің төрінен лайықты орын бере алдық па? Әсіресе, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына осынау қасиетті құндылықтарға деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіре алдық па?
Мәселен, Еуропа елдеріне қараңызшы. Олар мемлекеттік рәміздерін қалай қадірлейді? Естеріңізде болса, 2004 жылы футболдан Еуропа чемпионаты Португалияда өткен-ді. Финалда алаң иелері Грекия құрамасымен кездесіп, матч соңғысының жеңісімен аяқталған болатын. Бірақ, Португалия ұлттық құрамасының бапкерлері мен ойыншылары финалдық кездесуде жеңіліп қалғаны үшін ғана айыпталған жоқ. Олар сол ойынның алдында мемлекеттік Әнұран орындалып жатқанда алаңсыз сағыз шайнап тұрғандары үшін де жауап берді. Елдің абыройына осылайша нұқсан келтірген спортшыларға сол кездегі президент Жоржи Сампайюдің өзі ренішін білдіріп, оларға ірі көлемде айыппұл салды. Мұны көрген жас португалдықтар осыдан кейін өз рәміздеріне қалай немқұрайлы қарасын?!
Ал, түбі бір туысқандарымыз – түріктер өздерінің ай-жұлдызды қызыл туларын қалай қастерлейді десеңізші?! Түркия азаматтары мемлекеттік туын үйінің төріне, кеңсесінің терезесіне, жеке автокөлігіне, жұмыс үстеліне дейін мақтанышпен іліп қояды. Бұл елдің дәстүрінде ант ішкен адам қасиетті Құран мен байрақты ұстап ант етеді екен. Демек, мемлекеттік рәмізін ең қасиетті құндылық Құран Кәріммен қатар қастерлеп тұрғаны ғой.
Ал, біз басқасын айтпағанда, көк туымыздың қадіріне жетіп жүрміз бе? Негізінде, өзгеге қарап таңырқай беретін де жайымыз жоқ, рәміздерді қадірлеудің өз елімізде де сан қилы үлгілері бар. Тарихқа зер салып қарасақ, Қабанбай батырдың жанында қалмаққа қарсы шайқасқан Қазымбет батырдың жанкештілігі – бүгінгі ұрпаққа өнеге боларлық іс. Ол қан майданның ортасында жүріп ауыр жарақат алыпты. Сонда да атынан түспей, қолындағы туын жықпай, байрақтың сабына сүйенген күйі жан тапсырған… Жарықтық сол ерлер «Туымыз жығылмасын, елімнің еңсесі түспесін, жердің шетін жау баспасын, ұрпағым сужүрек қорқақ емес, ержүрек қаһарман болып тусын» деп шейіт кетіпті.
Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында Рахымжан Қошқарбаев өліммен тікелей бетпе-бет келетінін білсе де, басын қатерге тігіп, Рейхстагқа жетуге асықты. Қарша бораған оқ кез келген сәтте-ақ оның өмірін жұлып түсер еді. Бірақ, ол жасқанбады. Рейхстаг қабырғасына бірінші болып ту қадады. Осы әрекеті арқылы Қызыл Армияның мерейін ғана емес, қазақ халқының ұлттық намысын да биікке шарықтатып кетті.
Бұл – Туымыз көктен көрінген сәттердің кейбірі ғана. Оған олимпиадашыларымыздың жеңісті күндерін қосыңыз. Даңқты жерлесіміз, Түркістанның жарық жұлдызы Бекзат Саттархановтың көк туды төбесіне көтеріп, Сидней төрінде атой салғаны күні кешегідей көз алдымызда. Ауызды құр шөппен сүртпейік, сол оғландардың жолын жалғайтын қарадомалақтарымыз, шүкір, әзір де көп. Біз білім ошақтарына жиі барып тұрамыз. Сонда:
«Таласқа түссе жан мен Ту
Жан емес маған керегі,
Көк Тудың желбірегені» деген рухты әнді ести салып, оқушыларымыздың қосыла шырқап кететінін жиі көреміз. Еріксіз толқимыз, қуанамыз, Тәуелсіздікке тәубә деп шүкіршілік етеміз.
Бірақ, өкінішке қарай, барлық жастар бірдей осындай патриоттық рухта тәрбие алып, өсіп келеді деп тағы айта алмаймыз. Әнұранымыз айтылып жатқанда «әйтеуір, ауызды жыбырлатып тұрсақ болғаны» дейтіндердің де бар екенін несін жасырайық. Әрине, бұл жердегі ең үлкен жауапкершілік жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге жауапты ата-ана мен ұстаздар қауымының мойнында екенін теріске шығармаймыз. Десе де, бүгінде балабақшалардан бастап барлық мектептерде, тіпті, колледждер мен жоғары оқу орындарында да бұл іске ерекше назар аударылады. Соған қарамастан әлгіндей келеңсіздіктер қылаң беріп қалады. Демек, бар жауапкершілікті тек педагогтарға жүктеп қоюға болмайтын сияқты.
Жастарға патриоттық тәрбие беру – баршамызға ортақ іс. Бұл іске ата-аналар, зиялы қауым өкілдері, идеология саласына жауапты мекемелер, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары көбірек назар аударса екен дейміз. Идеологиялық мекемелер 4 маусым жақындағанда жекелеген байқаулар ұйымдастыру мен мереке күні жүз, екі жүз адам қатысатын ресми іс-шара ұйымдастырудан әріге аспай жүр. Мерзімді баспасөз бен телевизиямыз да бұл тақырыпқа жылына бір рет қана соғып, кезекші материалдар беріп өте шығады. Сондықтан келер ұрпақ Әрұранымызға осылай немқұрайлы қарамай, Туымыздың қадіріне жетсін десек, рәміздерімізді насихаттауды бір күнмен шектемеген дұрыс.