
Қазақ тағдыры талай тартысқа түскен халық. Ел президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуге тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысы айтып өткендей, сол замандағы қасіретті оқиғалар қазақ халқының бүгінгі азат күндерінің қадір-қасиетін түсінуге жетелейді.
Тарихты ауызша айту дәстүрі еліміздің төл тарихы мен мәдениетінің бұрын-соңды белгісіз болып келген тұстарын ашуға мол мүмкіндіктер берді. Осы бағытта Алматы қаласындағы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдары бүгінгі ұрпақтың 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық тарихы жайында ата-бабаларынан естіген естеліктерін жинауға кірісті. Бұл оқиғаның шынайы астарын ашу үшін өңірлерді аралап, зұлмат жылдар құрбандары ұрпақтарымен сұхбат жүргізді. Осыған орай Түркістан облысы мен тарихы терең Шымкент қаласының тұрғындары арасында аштық жайында көнекөз қариялардан материалдар жинақтау жұмыстары қолға алынды.
Ашаршылық туралы ғылыми зерттеулердің орны бөлек, әрине. Дегенмен, сол сұрапыл оқиғаны бастан өткерген адамдардың ұрпақтары баяндаған ақпараттардың зерттеу еңбектерінде көрініс табуын бұл саладағы үлкен жұмыстардың бастамасы деуге болады.
Осы зұлмат жылдардағы оқиға туралы киелі Түркістан өңірінің тумасы, кеше ғана ғасырлық мерейтойын атап өткен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ардагері, журналист мамандығын иемденген тұңғыш қазақ қыздарының бірі, ғұлама Мұхтар Әуезовтің шәкірті Несіпкүл Әбдікерімова былай дейді: «Отыз екінің аштығы туралы әкем де, анам да жыр етіп айтып отыратын. Ашаршылық кезін біздің өңірде «Қарсақбай жылы» деп атады. Осы кезеңдері елдің қаңғып кеткені соншалықты, қара жолдың ортасында, бұлақтың басында, құдықтың жанында теңкиіп-теңкиіп өліп жатқан адамдар көп болды. Тіпті, сол кезде көз жұмған адамдарды аштықтан күйзелген халықтың көмуге де шамасы келмеген. Әкемнің айтуынша, бір күні құдыққа су алуға барса бір адам құдыққа асылып өліп қалған екен. Ал, жердегі бір шүберек дорбада Қоқанның күміс ақшалары шашылып жатыпты. Ол ақшаға алатын тамақ жоқ. Әкем, анам және ағайындар барып жабылып, мәйіттің жүзін жасырған екен. «Тігерге тұяқ қалдырмаймыз» деген ұранмен байдың да, кедейдің де бетіне қарап отырған малын алып кеткен голощекиншілердің көрсеткен қорлығы адамдардың қырылып қалуымен аяқталып жатты сонда. Әкем бір түйені тасалау жерге апарып жасырын сойып, етін жерге көміп қойған екен. Сол түйе етін аз-аздан үнемдеп, азық еткен. Одан қалса қоңырбас деген шөпті піскен кезде үйкелеп кішкентай тары секілді, қуырып жеген. Аштықтан бұратылған жұрт Қаратаудағы қара тарыны, қодырен бидайды таласып-тармасып жейді екен. Мамыр айында пісетін таудың шиесін қанша жерден қаптап жинаса да ауыл адамдары бәрібір қырылып қалды».
Ашаршылық жылдарының демографиялық салдары жайында құнды мәліметтермен бөліскен Төлеби ауданы, Ақбастау ауылының көнекөз қариясы Өмірбай Әжібайұлының естелігіне де назар аудармау мүмкін емес. «Өкіметтің сеніміне кіру үшін шошқа баққан қазақтар да болған. Сол замандарда халық арасында «бір түндік» деген ұғым пайда болды дейді. «Шынында да қарап отырсаңыз 1930, 1931, 1932, 1933, 1934 жылдары дүниеге келген адамдар өте аз, тіпті жоқ деуге де болады». Өмірбай ақсақалдың ауызша естелігіне сүйенсек, сол кездегі әйел тағдырының азабы мен халықтың демографиялық құлдырауының сипаты ретінде балалардың туылу үрдісінің мүлде тоқтағандығын байқауға болады.
1931 жылы дүниеге келген Оңтүстік өңірінің тағы бір абыз ақсақалы Акрам Қахарұлы: «Анам Рахиманың айтуынша, 1930-1932 жылдары Балқаштың маңайындағы Қарсақбайдан Кентаудың төменгі жағындағы Жарбасқан жеріне бала-шағасымен шұбырған, аш-жалаңаш ондаған отбасы келеді. Бұлардың ішінде әйелдер көп болыпты. Олардың суға кетіп өлгендері де болған екен. Рахима анам біздің үйден 300 метр қашықтықта аштан әлсіреген әйелдің құлап, өлім құшқанын өз көзімен көргендігін айтатын. Әкем ол әйелдің балаларын балалар үйіне апарып өткізіпті. Бұл уақыттарда босқындардың өте көп болғандығын әкем мен анамның аузынан естігенмін» деп қасіретті жылдардағы естеліктерді әсерлі баяндап берді. Ақсақал бұл заманда аштықтан қырылған халықтың саны 5 миллионнан асатындығын болжалды түрде мәлімдеп отыр.
Түркістан облысының 80 жастағы тұрғыны Сейділдә Тұрғынбековтің бабалары құсбегі, атсейіс болған екен. Ол: «Осынау қиын кезеңдерде бабаларымыз аңшылықпен, құсбегілікпен айналысып, күнелткен. Құрсай деген сайдың бойында ата-бабаларымыздың қыстауы болған. Әкемнің айтуынша, қыстыкүні босып жүрген аш-жалаңаш ер адамдар тау беткейден түсіп, Нұсқабай болыстың үйіне тоқтады. Сонда оларды Нұсқабай болыс «өзіміз де жейтін нан таппай, шөп жеп отырмыз» деп ит қосып қуып жіберген. Кейіннен Нұсқабай болыс әулетімен Ташкентке қоныс аударған екен» дейді.
Басқа да респонденттердің ауызша естеліктерін талдау арқылы біз ашаршылық тарихының айтылмаған тұстарын анықтап, шынайы тарихи көріністі баяндауға мүмкіндік алдық.
Аталмыш ғылыми жоба нәтижесінде 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылыққа қатысты куәгерлер мен олардың ұрпақтарының естеліктері 20 том болып, алдағы уақытта жарыққа шығады деп отырмыз.
Ақнұр ОРАЛОВА,
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының ғылыми қызметкері, PhD докторанты.