
1917 жылы болған қазан саяси революциясы мен одан кейінгі азамат соғысы, дәстүрлі өмір-салтының күйреуі сондай ақ кеңес билігі жүргізген ауылшаруашылығын жедел ұйымдастыру науқаны және оған ілесе келген жаппай ашаршалық пен зорлық зомбылық, елдің эволюциялық дамуын күрт үзді. Соның салдарынан халқымыз бүкіл әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады.
1925 жылы қыркүйекте басшылық қызметке Голощекиннің келуі жұмылғанның үстіне жұдырық болғаны белгілі. 1933 жылдың 21 қаңтарына дейін осы қызметте отырған Голощекиннің тұсында қазақ халқы өз тарихындағы ең ауыр кезеңді бастан өткізді. Ол ұлт зиялыларының бірінен соң бірін жаппай қуғындауға кірісті. 1928 жылдан бастап Алаш қайраткерлерін жаппай тұтқындау басталды. Оларға буржуазияшыл ұлтшыл деген айып тағылды. 30 жылдардың басында осы еліміздің рухын әдебиетін, мәдениетін көтерген Алаш ардақтылары бірте-бірте қамауға алына бастады. Олардың кінәсі болмаса да олардың қазақ халқы үшін жасаған үлкен еңбектерін ысырып қойып, соттады және ату жазасына кесе бастады.
1937-1938 жылдар саяси репрессия қазақтың зиялы қауымы, партия қайраткерлерінің қателігі мен асыра сілтеуін қатты сынға алды. Кеңес билігі азаматтық соғыс жылдарындағы ұлт тәуелсіздігіне белсене қатысқан Алаш Орда қозғалысының көптеген қайраткерлерін тізімге алып отырды.
Репрессия – қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Саяси себеппен біразы сотталып, көбі ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында жазалау лагерьлері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті. Ату жазасына кесілгендердің ісі қайта қаралмайтын болған. Әрі үкім сол күні іске асуы тиіс болған.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылы «Репрессия құрбандарын толық ақтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды». 1997 жылдан бастап елімізде 31 мамыр зұлмат жылдардың құрбаны болған қазақтың ұл-қыздарын еске алып, оларды ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында қуғын-сүргін құрбандары еске алу күні етіп белгіленіп Жарлыққа қол қойылған.
Түркістан облысының мемлекеттік архивінде бірқатар саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың құжаттары сақталған. Архивте сақталған құжаттардың бірі Сұлтанбек Қожановтыкі. Ол 1894 жылы 10 қыркүйекте бүгінгі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем мектебін, үш сыныптық қалалық мектепті тәмамдаған. Кейіннен Ташкенттегі Түркістан семинариясында сабақ алған. Алаш жастарының кеңес үйірмесі мүшесі болған. Мұстафа Шоқай, К.Хожиков, С,Асфендияров, С.Акаевтармен бірге «Бірлік туы» газетін шығарған. СССР халық комиссарлары Советінің Өзбекстан бойынша бақылаушы қызметінде жүргенде М.Шоқай, Ахмад Заки, Валиди сынды ұлтшылдармен байланысты деп түрмеге қаматылған. Ауыр күндерде С.Қожанов НКВД комиссары Ежовқа хат жазып, тергеу барысын өзі жүргізуді өтінеді. Ол барлық айыптауға келісетінін мәлімдейді. 1938 жылы 8 ақпан күні ату жазасына бұйырады. Жұбайы Қожанова Гүландан да қамаққа алынып, түзету колониясына жіберілген. С.Қожанов 1957 жылы СССР Жоғарғы соты шешімімен ақталған.
Архивімізде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар арасында қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Н.Төреқұловтың да жеке құжаттар көшірмесі, өзінің жазған мақаласы, журналы сақталған. 1930 жылдары көптеген кеңес дипломаттары Мәскеуге шақыртылып, оның аяғы қамауға алумен, түрмеге жабумен, көбісін атумен аяқталған. Н.Төреқұловқа Мәскеуде басқа қызмет ұсынылады, сол жаңа ғылыми жұмысын атқарып жүргенде оның үйіне тінту жүргізіліп, 1937 жылы 17 шілдеде қамауға алынады. Үш айға созылған тергеудің қойған айыбы, 1931 жылдан бері Кеңес үкіметін құлатуды мақсат етіп келген, тыңшылық жұмыс жүргізген деген адам сенгісіз айып тағылған. 1937 жылы 3 қарашада «халық жауы» атанып, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі ату жазасына кесілген. Жұбайы Ақмоладағы Алжир деп аталатын еңбекпен түзету лагеріне 5 жылға жіберілген.
Қуғын-сүргін құрбаны Дүйсенбай Алтынбековтың сақталған құжаттарында ол туралы мақалалар, отбасы фотосуреттері тіркелген. 1898 жылы бүгінгі Түркістан облысы Шәуілдірде туылған. 1921 жылы Ташкенттегі мұсылмандар кәсіптік техникумын бітірген. 1920-шы жылдар ішінде Түркістанда сотта арыз тіркеуші, орындаушы, кейіннен Шымкент, Әулие ата, Қазалыда прокурордың жәрдемшісі болып қызмет істеген. 1929-1930 жылдары Ақтөбе облысы, Торғай ауданының прокуроры болып қызмет атқарған. 1930 жылы өзінің туған жеріне басшы болып ауысып келіп, облыстық партия комитетіне канал қаздырып, егін, астық егуге су керектігін және оған Арыс өзенінің шамасы келетіндігін дәлелдеп мақсатына жеткен. 1935-37 жылдары Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болған. Ату жазасына кесілгені туралы деректер нақты жылы мен уақыты көрсетілмеген.
Зұлмат жылдары заманынан озып туған алаш қайраткерлері қанды қол қызылдардың қара тізіміне бірінші болып ілікті. Зиялыларымыз аласапыран заманда қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Патша үкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелеп, мақалалар мен өлеңдер жазды. 1928 жылы 29 желтоқсанында «Оян қазақ» деп ұрандатқан Міржақып Дулатовқа ұлтшыл деген айып тағылып, тұтқынға алынды. 1929 жылы Жүсіпбек Аймауытов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары тұтқындалды. Олардың басым бөлігі Сібір даласына айдалды. Кейіннен «Алаш ісі» деп аталатын сот ісі өтіп 40 тан астам қайраткер сотталды.
Қазақ ағартушысы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов алдымен ату жазасына кесілді, кейіннен он жылға концлагерьге жер аударылған. Міржақып тұтқынның тозағына шыдамай ажал құшып, ал Ахмет Байтұрсынов 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Екатерина Пешкованың көмегімен мерзімінен бұрын босатылған, алайда 1937 жылы қайта тұтқынға алынып, 8 желтоқсан күні атуға кесілген деген деректер бар. Жүсіпбек Аймауытов туралы айтар болсақ оған туған жердің топырағы бұйырмаған, 1931 жылы 42 жасында Мәскеудегі Бутырька түрмесінде атылған екен.
Қазақ зиялыларының көзін құртуға бағытталған репрессияның екінші толқынында 1932 жылы 20 шақты қайраткер тұтқындалған, олардың арасында Түрксиб теміржол магистралін салушы инженер М.Тынышбаев та болды. Алаш ордасының мүшесі болды, бірнеше рет қуғын-сүргінге ұшыраған. Қазіргі Ташкенттегі түрмеде ату жазасына кесілген.
1937- 1939 жылдары қуғын-сүргін зобалаңы өзінің шарықтау шегіне жетіп, қазақты тағы бір топ интеллигенциядан айырды. «Тірі болсам -қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұлт көсемі Алихан Бөкейхан ату жазасына кесілген. Артынша Санжар Асфендияров, Сұлтанбек Қожанов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдолла Розыбакиев, Тұрар Рысқұлов, Жұмат Шанин, Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхаметов, Ілияс Жансүгіровтер сталиндік репрессияның құрбанына айналды. Ең сорақысы елім деп күрескен ерлердің кейбірінің қай жерде жерленгені бүгінге дейін жұмбақ. Ілияс Жансүгіровтің жеке қылмыстық ісімен танысқан тарихшылар оның жазуынан әбден қиналған, шаршағаны байқалады. Оған тағылған айып «өз елін империалистік Жапония еліне қосуды көздеген» деген қисынға келмейтін жалған жаламен айыпталған.
Қиыны сол, қазақ зиялыларының зардабын олардың жұбайлары балаларына да зардабы тиді. Біразы ақталды. 1937 жылы 15 тамызда КСРО-ның Орталық Комитетінің нөмірі 00486 бұйрығы отанын сатқандардың отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын сүргінді бастауға мұрындық болды. Бұл құжат ең алдымен саяси айыпталғандардың әйелдерінің кінәсін дәлелдемей-ақ, қамауға алуға және лагерьлерге жіберуге құқық берді. Қысқа мерзім ішінде бас аяғы бірнеше ай барысында отанын сатқандар деген жалған желеумен арыстардың жарлары қамауға алынып, 5-8 жыл мерзімге сотталған.
1938 жылдың 6 қаңтарында Ақмоладағы Алжир деп аталатын концлагерьге ату жазасына кесілген қазақ зиялыларының 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалы және әйелдері тұтқынға алынған. 8000 мыңнан астам әйел Алжирде белгіленген мерзіммен отырып шыққан. Негізінен олардың есімдері сол кездегі одаққа танымал болған қоғам қайраткерлерінің, қазақ зиялыларының әйелдері еді.
Қызыл террордың қанды қылышына іліккен жазықсыз құрбандар Алматы облысы «Жаңалық» ауылының маңына көмілген екен. Репрессия жылдары бұл өлке жазықсыз жандарды жерлейтін орынға айналыпты. Жерленген деген жай сөз ғана… Күнделікті ату жазасына кесілген саяси құрбандардың мәйітін көлікке тиеп ауылдың маңына көміп кете бергені тарихшылардың деректерінен белгілі.
1937-1938 жылдардағы қызыл террор уақытында арнайы жоспармен 25 мыңға жуық адамды ату жазасына кесу керек болған екен. Жоспарды орындау үшін күніне 20-30 адамнан атып, мәйіттерін «Жаңалық» елді мекеніне әкеліп көміп отырған. Неліктен бұл өлкеге әкелінген деген сұрақ туындауы мүмкін: «Жаңалық» елді мекені ашаршылық жылдары бос қалған, сазды жерлер болған, Алматы қаласынан шалғай жерде орналасқан. Мұнда үй салу үшін құрылыс жұмыстары мен су құбырларын жүргізгенде адамдардың қаңқа сүйектерін тауып жатады екен. Бұл НКВД-ның адамдары мәйітті қалай болса солай көміп кете бергенін айғақтайды. Бір ауыл тұрғынының жерінен адамдардыңның сүйектері, онда ер адамдар да, әйел адамдар да табылған екен.
Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін сол жерге саяси-қуғын сүргін құрбандарына арнап үлкен ескерткіш орнатылып жыл сайын еске алынып тағзым етіліп келеді. 2018 жылы желтоқсан айында мұражай ашылған. Еске алу залында қара мәрмәр тасқа саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 4125 адамның есімдері қашалып жазылған.
Ұлыларды ұлықтау – ұрпақ парызы!
Егемендіктің 30 жылында ел тарихының көмескі беттері ашылып, қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, қазақстанға еріксіз күшпен жер аударылып келген 1,5 млн.өзге этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап аман қалды. Қазір Қазақстан халқы деген бейбіт елге айналдық.