
Жетісай ауданында суға шомылу маусымының басталуына байланысты полиция бөлімінің қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Бұл профилактикалық шара – адам өмірін қорғау мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары азаматтарға судағы қауіпсіздік ережелерін жан-жақты түсіндіріп, әсіресе балалардың қараусыз қалмауы керектігін ескертті. Рұқсат етілмеген жерлерде шомылу – үлкен қатер екенін айтып, нақты мысалдармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылып, ашық диалог форматында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар суға шомылу маусымы кезінде болатын қайғылы жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ тұрғындар арасында құқықтық және қауіпсіздік мәдениетін арттыруға үлкен сеп болады.
Жетісай аудандық полиция бөлімі алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізетінін хабарлайды. Қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.