Жетісай аудандық полиция бөлімінде Түркістан облыстық ПД бастығының орынбасары Бауыржан Сапардың қатысуымен өткен кездесуде құқықтық мәдениет пен қызметтік тәртіпті нығайту мәселесі кеңінен талқыланды.
Қызметтік іссапар аясында ол Жетісай және Мақтаарал аудандарының полиция қызметкерлерімен жүздесіп, құқық қорғау органдарының басты қағидаттары – заңдылық пен тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Бауыржан Сапарұлы жеке құрамға заң талаптарына сай қызмет атқару, кәсіби әдебін сақтау және киім үлгісіне дейін талапшыл болу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, ашық форматтағы кездесу барысында полицейлердің сұрақтарына жауап беріп, қызмет барысындағы түйткілдерді ортақ талқылауға шақырды.
Бұл кездесу – құқық қорғау органдарының ішкі тәртіпті күшейтіп, қоғам алдындағы сенімін нығайтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
