Жетісай ауданында қоғамды құқықтық тәртіп пен киберқауіпсіздікке бейімдеу бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Ғ.Мұратбаев атындағы гуманитарлық-техникалық колледжде өткен ақпараттық-түсіндіру шарасы – соның жарқын дәлелі.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жастар арасында кең таралған интернет алаяқтық түрлері мен олардың алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндіріп, студенттер мен ұстаздардың киберқауіптерге қарсы иммунитетін нығайтуға тырысты. Бұл – заңсыз әрекеттерге «нөлдік төзімділік» қағидатын жүзеге асыру жолындағы нақты іс.
Кездесу барысында құқық қорғау органдары өкілдері жеке деректердің құпиялығы, күмәнді сілтемелерден төнетін қауіп және алаяқтардың жиі қолданатын әдістері жөнінде нақты мысалдар келтірді. Арнайы бейнематериалдар мен практикалық кеңестер қатысушылардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға сеп болды.
Бұл секілді шаралар – қоғамды кез келген заңсыздыққа бейжай қарамауға үндейтін, құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыратын маңызды құрал. Алдағы уақытта да Жетісай ауданында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты жалғасын табады.
