Жетісай аудандық «AMANAT» партиясының ғимаратында 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел құқықтық мәдениетті нығайту мен қоғамдық келісімді дәріптеуге арналды.
Іс-шараға Жетісай аудандық қоғамдық келісім бөлімінің басшысы Данияр Мырзамұратов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінде қызмет ететін түрлі ұлт өкілдері қатысты.
— Бүгін біз Қазақстан халқының бірлігі күні аясында бас қосып отырмыз. Бұл — еліміздегі бейбітшілік пен татулықты, халықтар арасындағы өзара сыйластық пен сенімді тағы бір мәрте насихаттайтын маңызды күн. Қоғамдық келісім мен бірлік — мемлекеттіліктің, өркендеудің, тұрақтылықтың іргетасы. Бұл іргетастың берік болуы тек мәдениетпен, тек экономикамен немесе тілмен ғана емес, ең алдымен, заң мен тәртіпті құрметтеумен, оның үстемдігін мойындаумен байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Бүгінде еліміздің әрбір азаматы — ол қай ұлттың өкілі болмасын — Конституция алдында тең. Демек, заңның талаптары бәрімізге ортақ, тәртіп бәрімізге міндет. Қоғамда әділеттілік орнауы үшін құқықтық сауаттылық пен азаматтық жауапкершілік басты орында тұруы қажет. Құқық қорғау органдары мен жергілікті басқару құрылымдары ғана емес, әрбір саналы азамат — өзі тұратын елдімекеннің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапты екенін сезінуге тиіс — деп атап өтті Данияр Мырзамұратов.
Полиция қызметкерлері өз сөздерінде елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі – заң мен тәртіп екенін атап өтіп, қоғамдағы этносаралық келісімді сақтау жолында бірлесіп еңбек етудің маңызын жеткізді.
— Бірлігіміздің баянды болуы — заң мен тәртіптің сақталуына тікелей байланысты. Егер біз әрқайсымыз өз орнымызда заң талаптарын бұлжытпай орындайтын болсақ, қоғамымызда әділетсіздік пен алауыздыққа орын қалмайды. Бірлік пен ынтымақ — жай ұран емес, ол күнделікті өмірімізде әрекетпен дәлелденуі тиіс. Бұл тұрғыда білім беру ұйымдары, отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе жастар үлкен рөл атқарады. Жастарға заң аясында өмір сүруді, өзгелердің құқығын құрметтеуді үйрету арқылы біз болашақта құқықтық мәдениеті жоғары ұлт қалыптастырамыз.
Сондықтан осындай кездесулер — тек ресми жиын ғана емес, азаматтық белсенділікті арттыру, құқықтық сана мен заңға құрметті тереңдету алаңы деп қабылдауымыз керек. Біз бірлікті сақтай отырып, заң үстемдігі мен тәртіпке негізделген қоғам құруды жалғастыра беруіміз қажет. Бұл – болашағы жарқын, берекелі Қазақстанның кепілі, — деді өз сөзінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров.
Шара барысында қоғамдық бірлікке, құқықтық тәртіп пен ынтымаққа үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Бұл жиын – құқық қорғау саласының тек қауіпсіздікпен шектелмей, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайту жолында да маңызды рөл атқаратынын айқындайды.
