
Жетісай аудандық полиция бөлімі құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді насихаттау мақсатында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне» орай мерекелік шара ұйымдастырды.
Шара рәміздер аллеясында өтті. Оған полиция қызметкерлерімен қатар, аудан әкімі Серік Мамытов, жергілікті атқарушы органдар өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Құттықтау сөзінде аудан басшысы мемлекеттік рәміздердің – Ту, Елтаңба және Әнұранның – тәуелсіз мемлекеттің, ұлттық бірліктің және заң үстемдігінің нышаны екенін атап өтті. Бұл құндылықтарды құрметтеу – әрбір азаматтың Конституциялық борышы және құқықтық санасының көрсеткіші.
— Бүгінгі күн – Тәуелсіздігіміздің символы саналатын Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымызды ұлықтайтын, елдік пен бірліктің, рух пен тәртіптің мерекесі. Мемлекеттік рәміздер – ұлттың жүрегі, елдің беделі. Олар – біз қандай мемлекетпіз, қандай құндылықтарды дәріптейміз, қай жолмен жүріп келеміз деген сұрақтарға берілетін нақты жауап.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – бұл тек салт-жора емес. Бұл – азаматтың өз мемлекетіне деген адалдығының, құқық пен заңға құрметінің белгісі.
Біз құқықтық мемлекет құрамыз десек, ең алдымен Конституция мен заң үстемдігін, әділеттілікті, азаматтардың тең құқықтарын өмір салтымызға айналдыруымыз керек. Бұл жолда әр азаматтың белсенді ұстанымы, жауапкершілігі мен заңға деген құрметі шешуші рөл атқарады.
Құқықтық мемлекет – бұл жай ғана заңдар жинағы емес, бұл – әділетті қоғам мен сенімді мемлекетке деген ұмтылыс. Бүгінгі іс-шара – соның бір көрінісі. Мұнда жиналған әрбір тұрғын, әрбір жас буын осы құндылықтарды жүрегіне сіңіріп, болашақта елдің заңға бағынатын, әділ де тұрақты азаматы боларына сенемін, — деді аудан басшысы Серік Мамытов.
Мемлекеттік Ту салтанатты түрде көкке көтеріліп, Әнұран орындалды. Бұл көрініс құқықтық мемлекеттің символдық негіздерін дәріптеп, ел азаматтарының патриоттық рухын арттыруға бағытталды.
Іс-шара мерекелік концертпен жалғасып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осындай басқосулар – азаматтардың заңға деген құрметін арттырып, құқықтық мемлекеттің іргесін нығайтуға өз үлесін қосады.