Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Айтпаев Бағланбек Есембекұлы Жетісай ауданында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жеке құраммен жұмыс жиналысын өткізді.
Саптық алаңда өткен жиынға Жетісай аудандық прокуратура өкілдері де қатысып, құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жолдары талқыланды.
Полковник Айтпаев өз сөзінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бағытында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларынан халықпен жұмыс барысында жоғары деңгейдегі сыпайылық пен кәсібилік талап етілетінін баса айтты.
— Өкінішке қарай, соңғы жылдары жасөспірімдер арасында құқық бұзуға бейім мінез-құлық, мектептен тыс ортада жүру, тіпті топтасып қылмыс жасау сияқты теріс тенденциялар байқалуда. Бұл – тек тәртіптің бұзылуы ғана емес, сонымен қатар болашаққа қауіп төндіретін алаңдатарлық құбылыс.
Сондықтан әрбір учаскелік инспектор, ювеналды полиция қызметкері тек есептік жұмыстармен шектелмей, жасөспірімдермен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізуі тиіс. Мектептермен, ата-аналар комитеттерімен, қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру – басты міндеттердің бірі. Жастар заңды неғұрлым ерте түсініп, оның талаптарын саналы түрде қабылдаса – құқық бұзушылықтың да саны азаяды. Бұл үшін мектептерде, колледждерде құқық негіздері бойынша түсіндіру сабақтары жиі өтуі керек.
Полиция қызметкерінің халықпен қарым-қатынасы – біздің кәсіби мәдениетіміздің көрсеткіші. Әрбір тәртіп сақшысы өзінің әрекетімен заңға деген сенімді қалыптастыруы тиіс. Әсіресе жасөспірімдерге үлгі бола білу – үлкен жауапкершілік, — деді өз сөзінде Бағланбек Айтпаев.
Жиын соңында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір полиция қызметкерінің басты міндеті екені айтылып, жауапкершілік деңгейін арттыру қажеттілігі ерекше сөз болды.
