Жетісай ауданының прокуратурасы қылмыстың алдын алу және қайта құқықбұзушылықтың жолын кесу бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, аудан прокуратурасының бастамасымен пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың әлеуметтік бейімделуіне жәрдемдесу мақсатында арнайы мәжіліс өткізілді.
Кездесу барысында пробациялық бақылауда тұрған азаматтардың жұмысқа орналасуы, әлеуметтік көмекке қол жеткізуі және қайта қылмыс жасаудың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Прокуратура органдарының үйлестіруімен жергілікті атқарушы органдар мен демеуші кәсіпкерлердің қолдауымен екі азаматқа дәнекерлеу және ағаш өңдеуге арналған арнайы құрылғылар табысталды. Бұл олардың жеке кәсібін ашып, қоғамға пайдалы іспен айналысуына мүмкіндік береді.
Аудан прокурорының айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеудің нақты тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай шаралар – заң мен тәртіпті нығайтып, қылмыстың алдын алудың тиімді жолдарының бірі.
Жетісайда құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдерінің бірлесе әрекет етуі – қауіпсіз әрі тұрақты орта қалыптастырудың айқын көрінісі. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидасын орнықтыруға қызмет етпек.
