Жетісай ауданында заң мен тәртіпті сақтау бағытында нақты әрі мазмұнды істер жүзеге асып келеді. Соның бірі – аудандық полиция бөлімі мен білім бөлімінің бірлесіп ұйымдастырған «Жас қозғалыс инспекторлары – 2025» слеті. Бұл бастама – жас буынның бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жол қозғалысы ережелеріне құрметпен қарауды үйрету жолындағы маңызды қадам.

Аталған іс-шараға аудан мектептерінен жүзге жуық оқушы қатысып, жол қауіпсіздігіне қатысты білімдерін ортаға салды. Олар жол белгілерін тану, алғашқы көмек көрсету, жолда жүру мәдениеті секілді бағыттарда белсенділік танытты. Бұл – тек жарыс емес, балаларға тәртіп пен жауапкершілікті сіңіретін, заңға деген құрметті арттыратын нақты тәжірибе алаңы болды.

Слет нәтижесінде үздік командалар марапатталып, оқушылардың ұйымшылдығы мен белсенділігі жоғары бағаланды. Бұл – құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған пәрменді тәрбиелік жұмыс. Мұндай шаралар арқылы елімізде заң мен тәртіптің үстемдігін орнықтыруға, құқықтық сана мен жауапкершілік мәдениетін ұрпақ бойына сіңіруге болады.
