Жетісай ауданы прокуратурасының үйлестіруімен аудан әкімдігі және құқық қорғау органдарының қатысуымен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың қамқоршыларына арналған форум ұйымдастырылды. Форумның негізгі мақсаты – қоғамдағы әлжуаз топтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз етіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу.
Жиын барысында құқық қорғау органдарының өкілдері мен мамандар ата-аналар мен қамқоршыларға құқықтық тәрбие беру, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ерте жүктіліктің, қылмысқа бейім мінез-құлықтың алдын алу бойынша кеңес берді. Сондай-ақ отбасылық бақылаудың маңыздылығы, қамқоршылардың жауапкершілігі мен рөлі туралы нақты мысалдар келтіріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Форум – Жетісай ауданында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, балалардың құқықтарын қорғау мен заң бұзушылыққа қарсы иммунитетті арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Мұндай бастамалар құқық қорғау және арнайы органдарға деген сенімді нығайтып, қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосады.
