Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері патриоттық тәрбие беру мен жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Жас сақшы» ұйымының мүшелерімен тәжірибелік кездесу ұйымдастырды. Бұл іс-шара – жастар арасында құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыру, сонымен қатар қоғамда заң мен тәртіпті сақтау қағидатын орнықтыру бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Іс-шарада жасөспірімдерге атыс қаруының құрылымы таныстырылып, қаруды шашып-жинау тәсілдері көрсетілді. Жаттығу сабағын қарулану бөлмесінің меңгерушісі Нұрмағанбет Муғражов жүргізіп, қару қауіпсіздігі, оны қолдану мен сақтау талаптары туралы толыққанды ақпарат берді.
Практикалық жаттығу барысында оқушылар өздері қаруды шашып-жинап көру арқылы әскери машықтарын жетілдірді. Бұл – жастардың бойында тәртіп, жауапкершілік және қоғамдық қауіпсіздікке деген сергек көзқарас қалыптастырудың тиімді әдістерінің бірі.
Қарулану бөлмесінің меңгерушісі Нұрмағанбет Муғжаров оқушылармен кездесуде:
«Қаруды игеру – бұл тек әскери машық емес, ол ең алдымен жауапкершілік пен тәртіптің үлгісі. Әрбір жасөспірім қару ұстаудың заңдық негізін, қауіпсіздік ережелерін толық білуі тиіс. Қарудың қолданылуы – мемлекет тарапынан қатаң реттелетін, заңмен шектелген сала. Сондықтан да біз жастарға тек техникалық машықтарды ғана емес, заң мен тәртіпке деген құрметті де үйретуіміз қажет. Заңды білу және оны сақтау – тек құқық қорғаушылардың емес, әрбір азаматтың міндеті. Бүгінгі сабақ – болашаққа деген сенім мен тәртіпке берік көзқарастың негізі», – деді.
Полиция қызметкерлері мұндай іс-шаралар жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру ісіне оң ықпал ететінін және қоғамдағы құқық бұзушылықтарға қарсы иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Іс-шара жастар мен құқық қорғау саласы арасындағы байланысты нығайтып, өзара сенімді арттыруға сеп болды.
