2025 жылғы 20 сәуір мен 20 маусым аралығында елімізде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы өтті. Аталған шара аясында Жетісай аудандық полиция бөлімінің әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу тобының (ОТЗЗҚКТ) инспекторлары мен аудандық Жастар ресурстық орталығы бірлесіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акцияның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Базар аумағында халыққа «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ҚР Заңының негізгі ережелері бойынша үнпарақтар таратылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шара барысында полиция аға лейтенанты А.Шарипбаев, инспекторлар О.Егемтай мен Е.Әбдіразақ, сондай-ақ жастар орталығының өкілі А.Тұңғат тұрғындарға тұрмыстық құқықбұзушылықтарға қарсы қолданылатын заңнамалық нормалар, зардап шеккен тараптың құқықтары мен мемлекет ұсынатын қорған тетіктері туралы кеңінен ақпарат берді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, әр азаматтың, соның ішінде әйелдер мен балалардың ар-намысын қорғау, қауіпсіз өмір сүру құқығы заңмен қорғалатыны түсіндірілді. Сонымен қатар, гендерлік теңдік, ана мен баланы қорғау, отбасы институтын нығайту секілді мәселелер де назардан тыс қалмады.
Мұндай құқықтық-профилактикалық іс-шаралар қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және тұрмыстық қатынастарда құқық бұзушылықты азайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
