
Сауран ауданына қарасты Құмтүйін елді мекенінде «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» атты игі іс-шара өтті. Ауылдың 2005 жылы мектеп бітірген түлектері бірігіп, бір отбасыға тұрғын үй салып берді. Қайырымды азаматтардың бұл бастамасы көпке үлгі болды.
Аталған іс-шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов арнайы қатысып, игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыстарын жеткізді.
– Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Бүгінгі игі іс – соның айқын дәлелі. Бірлік пен жанашырлық – елдігіміздің негізгі тірегі. Сіздердей жүрегі кең, жомарт азаматтардың арқасында ауданымызда осындай сауапты істер жалғасып келеді. Бұл тек бір отбасыға берілген баспана емес, қоғамдағы ізгіліктің көрінісі, – деп атап өтті аудан әкімі.
Баспананың толық салынып, жабдықталуына белсенді атсалысқан азаматтарға аудан әкімі Алғыс хаттар табыстады.
Айта кетейік, бұл бастама 2024 жылы қолға алынып, алғашқы баспана берілсе, биыл – тағы бір отбасы қоныстойын тойлап отыр. Жобаны жүзеге асырып жүрген азаматтар қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.