Жетісай ауданында әкімшілік айыппұлдарды өндіру мақсатында рейдтік шара өтуде.
Жетісай ауданы аумағында 2025 жылдың 23–27 маусым аралығында «Борышкер» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара бастау алды. Бұл шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру және халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері айыппұлын уақытында төлемеген азаматтармен тікелей байланысып, оларға ҚР заңнамасында көрсетілген талаптарды түсіндіреді. Сонымен қатар, айыппұлды 50% жеңілдікпен жеті тәулік ішінде төлеу немесе бір ай мерзімнен кешіктірмей төлеу тәртібі туралы ақпарат беріледі.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 893-бабына сәйкес, айыппұл төлеу міндеті қаулы заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәуліктен кешіктірілмей орындалуы тиіс.
Ал егер бұл мерзімде төленбесе, 894-бапқа сәйкес, қаулы мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушыларына жолданады.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, тұрғындар өздеріне қатысты айыппұлдар туралы толық ақпаратты Әкімшілік полиция бөлімшесінен біле алады.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және айыппұлдарды дер кезінде төлеу арқылы артық шығын мен заңдық қиындықтарға жол бермеуге шақырады.
