
Жазғы демалыс – балалар үшін қуанышқа толы шақ болғанымен, бұл кезеңде олардың өмірі мен денсаулығына қатысты қауіптер де арта түсетіні белгілі. Осыған орай Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері балалардың амандығын қамтамасыз ету мақсатында «Қауіпсіз аула» атты кең ауқымды профилактикалық іс-шара өткізді.
Шара аясында тәртіп сақшылары қаланың бірнеше аумағын арнайы аралап, ашық форматта тұрғындармен, оның ішінде балалар және олардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырды.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері, жаз мезгілінде жолда жүру тәртібі, көшеде ойнау кезінде сақтық шаралары сынды маңызды тақырыптарда кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе ата-аналарға балаларына дұрыс тәрбие мен бағыт беру, олардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – отбасындағы басты міндет екені ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, жиында қазіргі таңда жиі кездесетін интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында ақпараттық парақшалар таратылып, тұрғындарға киберқауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды балалардың қауіпсіздігіне бірлесе жауапкершілікпен қарауға шақырып, қауіпсіз қоғам құру әрбір азаматтың борышы екенін жеткізді.
– Баланың қауіпсіздігі – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Біз әр ата-ана, әр тұрғын өз ауласында қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосса дейміз. Қарапайым сақтық шаралары – үлкен қайғылы жағдайлардың алдын алуы мүмкін, – дейді Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері.
«Қауіпсіз аула» акциясы – уақытша емес, тұрақты негізде жүргізілетін, тәрбиелік мәні зор шара. Мұндай бастамалар арқылы құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, жас буынның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды қадам жасалуда.