
Балалардың жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрысын қалыптастыру, құқықтық мәдениетін арттыру және тәртіпке баулу – бүгінде полиция мен білім саласы бірігіп қолға алған маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта жуырда Түркістан қаласындағы №32 жалпы білім беретін мектеп базасында «Жас жол инспекторлары» жасақтарының облыстық байқауының қорытынды кезеңі өтті.
Ауқымды шараны Түркістан облысы Полиция департаменті мен Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Жарысқа өңірдің барлық аудандарынан келген 11–14 жас аралығындағы мектеп оқушыларынан құралған командалар қатысты.
Байқау барысында оқушылар өзара бірнеше бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда:
– жол қозғалысы ережелерін білу сайысы,
– агитбригадалар байқауы,
– автоқалада велосипед жүргізу,
– «Жас реттеуші»,
– «Эрудиттер турнирі»,
– «Жас санитар» сияқты кезеңдер жас инспекторлардың білімін де, тәжірибесін де саралауға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында балалар жолдағы қауіпсіздік талаптары мен құқықтық нормаларды меңгеріп қана қоймай, өз ойларын еркін жеткізуге, көпшілік алдында сөйлеуге, командалық жұмысқа және жедел шешім қабылдауға машықтанды. Байқаудың әділ әрі тартысты өткенін айта кеткен жөн.
Жарыс нәтижесі бойынша Түркістан қаласының командасы үздік шығып, І орынды жеңіп алды. ІІ орын – Жетісай ауданына, ІІІ орын – Бәйдібек ауданына бұйырды. Жеңімпаз команда енді облыс намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады. Барлық қатысушылар дипломдармен, алғысхаттармен және түрлі номинациялар бойынша марапаттармен қуантылды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бұл байқау балалар арасында жол ережелеріне деген құрметті күшейтіп, оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын нығайтып, оларды тәртіпке, жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
– Қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы мәдениетін бала кезден қалыптастыру – болашақтағы қауіпсіздіктің кепілі. Бүгінгі жас инспекторлар – ертеңгі жауапты азаматтар. Сондықтан мұндай бастамалар тек байқау түрінде емес, жүйелі тәрбие құралы ретінде жалғасуы тиіс, – дейді ұйымдастырушылар.
Аталмыш жоба жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді және әр жылы қатысушылар саны артып, деңгейі де өсуде. Бұл – құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған пәрменді шаралардың бірі.