Балалар – қоғамның болашағы. Сондықтан олардың амандығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән беру – полиция қызметінің басты бағыттарының бірі. Жетісай аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшылары жазғы демалыс уақытында балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жоспарлы профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
Осы мақсатта тәртіп сақшылары Жетісай қаласындағы Өнер орталығында болып, демалыс лагеріне қатысып жатқан жасөспірімдермен кездесті. Кездесу барысында полиция қызметкерлері балаларға жол қозғалысы қауіпсіздігі, интернеттегі алаяқтықтан сақтану жолдары, жалғыз жүргенде немесе бейтаныс адаммен сөйлескенде туындауы мүмкін қауіптер жайлы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, полицейлер «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасына арнайы барып, бүлдіршіндерге жолда жүру ережелері, бағдаршам белгілері мен жаяу жүргіншілер өткелінен өту тәртібін ойын түрінде жеткізді. Балалармен тілдесу арқылы олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру көзделді.
Балалардың өміріне қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу – полиция жұмысының маңызды бөлігі. Сондықтан мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасып, жас ұрпақты қорғауға бағытталған жұмыс күшейтіле түседі.
