Қоғам тыныштығын сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – нағыз ер азаматтың таңдауы. Осы бір жауапты саланы өмірлік кәсібіне айналдырған азаматтардың бірі – ішкі істер органдарының ардагері, зейнеткер Асылжан Алдашұлы Ошанов.
ІІМ қатарында 25 жылға жуық адал еңбек еткен Асылжан Алдашұлы Жетісай аудандық ішкі істер бөлімінде, жол-патрульдік қызметте, ювеналдық полиция мен кезекші бөлімшеде еңбек етіп, ел тыныштығын сақтау жолында аянбай тер төкті. Өз ісіне адал, тәртіпке берік азамат ретінде әріптестері арасында зор беделге ие болды.
Ең қуанарлығы – осы ұлағатты жолды бүгінде ұлы Бекзат Асылжанұлы Ошан жалғап келеді. Бала кезінен әке еңбегін көріп өскен ол бүгінде қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында еңбек етуде. Бекзаттың заңға деген адалдығы мен қызметке жауапкершілігі – отбасындағы тәрбиенің және әке өнегесінің айқын көрінісі.
— Мен бала күнімнен әкемнің формасын киіп, қызметке аттанып бара жатқанын көріп өстім. Оның күн-түн демей жұмыс істеп, ел тыныштығы үшін алаңдап жүретіні менің жүрегімде терең із қалдырды. Әкем – мен үшін тек отбасының тірегі емес, нағыз үлгі болатын азамат. Ол маған: “Полиция болу – шен таққанмен шектелмейді, бұл – халыққа қызмет ету, заңды қорғау, әлсізге араша болу” деп үнемі айтып отыратын. Сол сөздер мені осы жолға жетеледі.
Бүгінде мен де полиция қатарында қызмет етіп жүрмін. Бұл – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Әкем қалдырған жолды абыроймен жалғастырып, халық сенімін ақтау – менің басты парызым. Қоғамда тәртіп пен тыныштық орнауы үшін әрбір полиция қызметкері алдымен өзі заңға адал, әділ, сабырлы болуға тиіс деп есептеймін. Біз тек заң бұзғандарды жазалап қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алуға, жастарды дұрыс жолға бағыттауға да күш салуымыз керек.
Мен үшін “Қылмысқа нөлдік төзімділік” ұстанымы – бос ұран емес, күнделікті қызметімдегі нақты бағдар. Қай жерде болсын, заң мен тәртіп үстемдік құруы үшін аянбай еңбек етуге дайынмын, – дейді Бекзат Асылжанұлы.
Мұндай еңбек әулеттері – қоғамға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Қылмысқа нөлдік төзімділік ұстанымын берік ұстанған отбасының еңбегі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
