
«Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 224 шаруашылық айналысады. Оның ішінде 147-сі тоғанды балық өсіру шаруашылығы болса, 97-сі жаңадан ашылған тоғандар.
Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша жергілікті бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, қызығушылық танытқан шаруашылықтарға субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен де қаржы қарастырылған
Өңірде аталған кәсіпке қызығушылар саны күн санап артып келеді. Тиісінше олардың талап-тілектері де назардан тыс қалмайды. Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы агроөнеркәсіптік кешені және тамақ өнеркәсібі комитеті көшпелі отырыс өткізіп, балық өсіруші шаруалардың тарапынан түскен өтінім-талаптарды тыңдайды. Оның орындалуы да назардан тыс қалған емес.
Соңғы жылдары Түркістан өңірінде балық шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мемлекет тарапынан да қолдау күшейтілген. Балық шаруашылығы инспекциясының мәліметіне сәйкес, 2021 жылы – 5706,9 тонна, 2022 – 6120 тонна, 2023 жылы – 6660 тонна тауарлы балық өндірілген. Мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, 2023 жылы облыстық бюджеттен акваөсірудің өнім сапасын арттыру мақсатында 31 кәсіпкерге 500 млн. теңге, республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезіндегі балық шаруашылығы субъектілерінің шығыстарын өтеу бойынша 7 кәсіпкерге 123,8 млн. теңге субсидия беріліпті. Сонымен қатар «Түркістан ӘКК» АҚ-на 14 кәсіпкермен 5,4 млрд. теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынылып, 5 кәсіпкерге 3,7 млрд. теңге несие беру мақұлданған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 35 кәсіпкер 249,5 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, шаруашылықтарын дамытуда. Нәтижесінде Қазығұрт ауданында – 4, Бәйдібек, Мақтарал, Жетісай аудандары мен Арыс қаласында бір-бірден, Төлеби ауданында – 3 және Созақ ауданында – 7 шаруашылық ашылып, Сырдария өзенінің бойынан Шардара, Сарығаш аудандарындағы бұрынғы балық тұқымбақтары (466,7 га) іске қосылса, тауарлы балық өндірушілердің саны 250-ге жетіп, облыс тұрғындарын балық өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізілді.
Түркістан облысында мал шаруашылығын ата кәсіп еткен Созақ пен Түлкібас аудандарының тұрғындары да енді балық шаруашылығын дамытуға ден қойған. Шаруалар ауыл маңынан шағын тоған қазып, шабақ өсіруді қолға алған. Қазір бірнеше елдімекеннің халқы осы кәсіппен айналыып жатыр. Олар сазан, амур, дөңмаңдай балығын көбейтіп, кәсіпке айналдыруды көздеп отыр.
Мысалы, Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алып, тоған жасатты. Су маржандарын Тараз қаласынан алдырып, 1,5 тонна шабақ жіберген.
«Созақтың халқы малға үйренгенбіз ғой енді, балық шаруашылығын қолға алып отырмыз. Қалай болады екен деп ел істеп жатқан нәресені көрейік дедік, істедік бастадық. Үш гектар жер берген әкімшілік. Карп бар, сазаны бар. Араластырып алдық шабағын» дейді кәсіпкер.
Ал, түлкібастықтар жерастынан шығатын бұлақ көздерін пайдаланып, балық өсіруде. Елдімекендерде мемлекеттен қаражат алып, табысты кәсіп бастаған шаруалар саны артып келеді. Ерте қамданғандары балықтарын базарға шығарып, пайдасын көруде. Солардың бірі – кәсіпкер Еркебұлан Қайратұлы: «Жер астынан шығатын бұлақ бар. Бұл жерде екі бассейініміз бар. Біріншісін форельден бастадық. Екіншісіне карп тұқымы, сазан, «толстолоб», амур сияқты балықтарды тастадық» дейді.
Жалпы, Түлкібас ауданындабалық шаруашылығына 60-тан аса азамат пен кәсіпкерлер қызығушылық танытқан. Қазір ауданда 1000-1200 тонна балық өндіріледі.