
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері облыс көлемінде өткен «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасына атсалысты. Бұл өткізілген гарнизондық саптық таратылым — өңірде есірткі қылмысына қарсы кешенді күрес пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Бұл іс-шара облыс аумағында есірткі заттарының таралуын болдырмау, заңсыз айналым мен қылмыстың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Саптық жиында полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев құқық қорғау қызметкерлерінің дайындық деңгейіне ерекше назар аударып, құқық бұзушылықтармен күресте тәртіп пен заң талаптарын қатаң ұстану қажеттігін ескертті.
«Қарасора-2025» аясында құқық қорғау органдарымен қатар Ұлттық ұлан, шекара қызметі, прокуратура, жедел бөлімшелер мен жергілікті әкімдіктердің өкілдері де жұмылдырылып, қоғам қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Орнатылған блок-бекеттер мен мобильді топтардың жұмысы нәтижесінде бірқатар қылмыстық деректердің жолы кесілді.
Бұл – қоғамда заң мен тәртіпті нығайту жолында атқарылып жатқан нақты шаралар. Есірткімен күрес – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ескерсек, мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық санасын арттырып, қауіпсіз орта қалыптастыруға елеулі үлес қосады.