Қоғамдағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу – ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі. Соның ішінде жол қозғалысы саласындағы тәртіптің сақталуы тек апаттардың ғана емес, жалпы қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі. Осы мақсатта Түркістан облысының Полиция департаменті өңір көлемінде кең ауқымды алдын алу шараларын қолға алды.
Облыс полициясының бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта өңірде «Қауіпсіз жол» және «Құқықтық тәртіп» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар өтуде. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің тәртібін арттыру және қоғамдық орындардағы заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою.
Осы бағыттағы жұмыстардың бір парасы Жетісай ауданында жүргізілді. Полиция департаменті бастығының орынбасары Бағланбек Айтпаев арнайы барып, жергілікті тұрғындармен және жүргізушілермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында ол жол қозғалысы ережелерін сақтау, жылдамдықты асырып, өзге азаматтардың өміріне қауіп төндірмеу қажеттігін атап өтті.
Патрульдік полиция қызметкерлері рейд барысында автокөліктердің техникалық жағдайын, жүргізушілердің құжаттарының толықтығын және жолаушыларды тасымалдау талаптарының сақталуын мұқият тексерді. Сонымен қатар, жол үстіндегі мәдениетті сақтау, заңға бағыну, тәртіптілік сынды маңызды құндылықтар да насихатталды.
Тексеру нәтижесінде 204 түрлі құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қолданылды. «Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы айыппұлдарын төлемеген 8 автокөлік анықталып, 34 көлік айыптұраққа қойылды.
Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай алдын алу шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Себебі жолдағы тәртіп пен азаматтардың заңға құрметі – қылмыстың алдын алудың маңызды құралы.
Жол қозғалысы ережесін сақтау – тек жүргізушінің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан әр азамат тәртіпке бағынса, құқық бұзушылық азайып, елімізде қауіпсіз орта қалыптасары анық.
