Жетісай ауданында «Профилактика жылы» аясында өткен кешенді рейдтік іс-шаралар – құқық бұзушылықтың алдын алу мен тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолындағы нақты қадамдардың бірі. Қоғамдық орындардағы тәртіп, заңсыз әрекеттермен күрес және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Полицейлер қоғамдық орындарда және автовокзалдарда, сауда нүктелерінде және ойын-сауық орындарында, оның ішінде алкоголь өнімдерін заңсыз сату тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мәселен тәртіп сақшылары Жетісай қаласындағы дүкендердің бірінде алкогольді заңсыз сатқаны үшін кәсіпкерді жауапқа тартты.
Жалпы Түркістан облысы бойынша полиция қызметкерлері құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 500-ден астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде 16-сы ұсақ бұзақылық, 7-еуі белгіленбеген жерлерде сауда жасау, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз кәмелетке толмағандардың үйден тыс жерде болуының 17 жайты бар. Бұл – бір реттік шара емес, ел ішіндегі заң мен тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыс.
Әр азамат өз құқығын біліп, заң талаптарын сақтауға дағдыланса, құқықбұзушылықтың азаяры анық. Осы ретте тұрғындарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және полициямен тығыз серіктестікте болуға шақырамыз.
