
Құқық қорғау органдары – қоғамдағы заңдылық пен тәртіптің ғана емес, ізгілік пен жанашырлықтың да тірегі. Бұл сөзімізге Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жасаған игі іс айқын дәлел бола алады.
Жуырда тәртіп сақшылары Жетісай қаласында тұратын жалғызбасты ана — Аязова Шарайна апаның үйіне арнайы барып, ауланы күл-қоқыстан тазалап, ауыр заттарын ретке келтіріп, терезелерін жуып берді. Қарапайым тұрмыстық көмек – үлкен рухани қолдау екенін жақсы түсінген полицейлер бұл жолы да өздерінің қызметтік міндеттерінен тыс, азаматтық борышын сезініп, мейірімділік танытты.
Полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті – жай ғана қайырымдылық емес, мемлекеттік қызметкер мен халық арасындағы сенім көпірін нығайтатын қадам. Шарайна апа өз ризашылығын білдіріп, бұл қамқорлықтың көңілге медеу болатынын ерекше атап өтті.
Ішкі істер органдарының қызметі тек құқық бұзушылықтың жолын кесумен шектелмейді. Олар қоғамда рухани тұрақтылық орнатып, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік әлсіз топтарға да қолдау білдіруге тырысады. Осы сынды бастамалар полиция қызметкерлерінің бейнесін тек «тәртіп сақшысы» емес, елге жанашыр азамат ретінде қалыптастыруға ықпал етеді.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері алдағы уақытта да осындай әлеуметтік жобаларға белсенді түрде қатыса беретінін мәлімдеді. Бұл – полиция беделін арттырудың жарқын көрінісі ғана емес, қоғамдағы бірлік пен сенімді нығайтатын маңызды қадам.
Қоғамға жақын полиция – сенімді мемлекет негізі. Жанашырлық пен адамгершілік танытқан тәртіп сақшылары – бүгінгі заманның шынайы батырлары.