Жетісай ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Шара аясында аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мәңгілік ерлікке тағзым ретінде Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, соғыс ардагерлерінің рухына құрмет көрсетті.
Бұл – тек тарихи жадыны жаңғыртатын рәсім ғана емес, сонымен бірге қоғамда бейбітшілік пен тәртіпті сақтау идеясының берік орнығуына ықпал ететін тәрбиелік мәні зор қадам Мемлекеттіліктің тұғыры — заңның үстемдігі мен азаматтық жауапкершілік екенін жақсы түсінетін тәртіп сақшылары бұл күні өз борыштарын адал атқарып жүрген әріптестерінің жетістігін де атап өтті.
— Бүгін – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ерекше әрі тағылымды күнде Сіздерді шын жүректен мерекемен құттықтаймын! Бұл – батырлық пен ерліктің, елге деген сүйіспеншілік пен жанқиярлықтың символына айналған қасиетті дата. Біз үшін бұл күн – тек тарихи естелік емес, ұрпаққа өнеге болатын ұлы рухтың көрінісі.
Сондай-ақ осы мереке аясында, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген, отансүйгіштік пен кәсіби жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз – бейбіт өміріміздің, тұрақтылығымыздың кепілі. Төтенше жағдайларда батыл шешім қабылдап, әр азаматтың қауіпсіздігі мен құқығын қорғап жүргендеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бүгінгі салтанатты шара – өткенге тағзым ғана емес, қазіргі ұрпақты тәртіпке, заңға, әділетке тәрбиелеу жолындағы маңызды басқосу. Елге деген адал қызметтеріңіз үшін баршаңызға алғыс білдіре отырып, мықты денсаулық, отбасылық амандық, қажымас қайрат тілеймін, — деді аудан басшысы Серік Мамытов.
Шара барысында бірқатар полиция қызметкерлері ел тыныштығы жолындағы мінсіз қызметі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олар жол қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы еңбектерімен көзге түсті.
Бұл іс-шара – құқық қорғау саласы қызметкерлерінің Отанға деген адал қызметі мен елге деген сүйіспеншілігін айшықтайтын, қоғамды заң мен тәртіпке баулитын маңызды үлгілердің бірі.
