«Үрбибі» дүниеге осылай келген…

0
1542
Қандай шығарма болмасын, ел арасында кеңінен танылған сайын оған қатысты айтылатын әңгімелер де көбейе беретіні белгілі. Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын «хит» болып, той-жиындарда жиі орындалатын «Үрбибі» әніне қатысты да әңгіме көп. Оны біреулер ақын Әлібек Мейірбеков өзінің әйеліне арнап жазған десе, енді біреулер мүлдем басқаша айтады. Шындығында бұл шығарманың туу тарихы қалай? Өз басым осы өлеңнің жазылуына куә болғандықтан және оны жазған ақынның талантына тағзым еткенім болсын деп сонау студенттік өмірден бірер ауыз естелігімді қалың оқырманмен бөліскенді жөн көрдім.
Жетісайдағы Ғани Мұратбаев атындағы техникалық-гуманитарлық колледжде (ол кезде Жетісай педагогикалық училищесі) оқып жүргенімізде ақын Әлібек Мейірбекұлымен студенттердің кездесуі өтті. Әні мен сөзі өзара үйлесім тапқан «Үрбибі» әні енді-енді хит болып жатқан кез. Студенттер ақыннан осы әннің жазылу тарихын айтып беруін сұрады. Сонда ағамыз қызыл шырайлы жүзі нұрланып, көзі күлімдей отырып әңгімелеп беріп еді.
«Ол кезде жас едік. Бір күні кешкісін Жетісай мәдени-ағарту колледжінде жұмыс істейтін досыма келгем. Жатақханада кезекші екен, бөлмелерді аралап жүрдік. Бір бөлмеде қыздар жиналып, әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Досым мені ақын ағаларың деп таныстырып еді, бір қыз «аға, ақын болсаңыз маған тап қазір өлең шығарыңызшы» деді қуақылана жымиып.
– Есімің кім? – дедім.
– Үрбибі, – деді қыз.
Қызық көргісі келген қыздар қағаз, қаламын дайындап, маған орындық ұсынды. Сол кезде отыра қалып жазып тастаған өлеңім еді. Жаныма жаққан сол жолдарды іле-шала қойын дәптеріме көшіріп жаздым.  Содан қай жылдары жергілікті сазгер інім Өтеген Бекахметовпен шығармашылық одақта бірлесіп, біраз жұмыстар атқарып едік. Менің қойын кітапшамнан осы өлең жолдарын көзі шалып қалған Өтеген: «Аға, осы өлеңіңізге ән жазсам» деп қызығушылық танытты. Солай шыққан ән еді бұл» деп ақын аға ағынан ақтарылып еді.
Мақтаарал өңіріне есімі кеңінен танылған журналист, марқұм Жұмагүл Асабаеваның аяулы жары Алтынбек Асабаев менің бөлем еді. Бір күні сол үйге барып, жеңешем екеуміз шай ішіп отыр едік, ойламаған жерден Әлібек аға Мейірбекұлы кіріп келді. Әзіл-қалжыңдары жарасқан достар бір-бірімен әзілдесіп жатыр. Бір кезде Әлекең «Жұмагүл-ау, сен творчествоның адамысың ғой, ана құрбыңа түсіндірсеңші» деп әзілдеп күлді.
– Не боп қалды, Әлеке? – деп Жұмагүл жеңешем де бәйек болып жатыр.
– Үрсұлу құрбың «Үрбибі» әні маған арналмаған екен деп екі күннен бері қиғылық салып жатыр. Педколледждегі кездесуден кейін біреулер Үрсұлуға звондап, менің әннің шығу тарихы туралы айтқан шындығымды жеткізіпті. «Маған арнады екен деп риза болып, әнді орындайтын Оразқожаның қыздарына концертте гүл беріп жүрсем, мені ұятқа қалдырдың» деп тас-талқан боп ашуланып жатыр» деп ағай мән-жайды түсіндірді. Менің ақкөңіл жеңешем күліп отырып:
– Уайымдамаңыз, Әлеке, өзіңіздің Үрсұлуыңыз ғой, ашуланып қайда барар дейсіз? Шай ішіңіз, – деп күрең шайын ұсынды. Сосын «Әлеке-ау, Үрбибісі не, Үрсұлуы не, ұқсас екен ғой бастысы» деп сөзінің артын әзілге бұрып әкетті.
Одан бері де жиырма жылдан астам уақыт өтіпті. Ақын Әлібек Мейірбекұлы да, Жұмагүл жеңешем де өмірден өтті. Бірақ өзім куә болған осы жарасымды сұхбат есімде қалып қойыпты.
…Адамдық, адалдық
Арыңды күзетсін.
Жасама жамандық,
Бол дәйім ізетшіл.
Сағаттар сырғиды,
Минуттар жылжиды.
Жастық шақ өтеді,
Мұңайма, Үрбибі, – деген әнді естіген сайын осы әңгімені бір қағазға түсірсем деп ойлап қойып жүруші едім, соның сәті бүгін ғана түскен сияқты. Жетісайдың талантты қаламгерінің әруағы риза болсын, нұры пейіште шалқысын, артында қалған өлмес әні қазақ көгінде қалықтай берсін дегім келеді.
Тоғжан КЕНЖЕЕВА.  
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу