Республикалық маңызы бар мегаполиске айналғалы бері Шымкентте тұрғын-үй құрылысы қарқын алған. Соңғы 5-6 жылдың төңірегінде Шымкентте көпқабатты үйлердің саны күрт көбейді. Бірақ олардың барлығы дерлік қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде салынып жатыр. Ал шаһардың ескі бөлігі тозғаны соншалық, ол жақты үшінші мегаполистің құрамында деп айтудың өзі ұят.

Сөзіміз дәлелді болсын, төмендегі суреттерде көрсетілген тұрғын-үй қаланың біз айтқан ескі бөлігінде орналасқан. Ескі қала демесеңіз, бұл үй шаһардың ең бір «жанды», қозғалысы көп көшелерінің бірі – Төлеби көшесінен орын тепкен. Жанында алыс-жақын аудандардан адамдар келіп, сауда-саттық жасайтын орталық базар мен «Акбар» базары бар. Екі қабатты бұл үйдің Төлеби көшесіне қараған бетіне кәсіпкерлік нысандары (дүкен, шаштараз т.с.с) жайғасқан. Кәсіпкерлік нысандарының жарнамалық тақтайшаларынан үйдің нағыз «келбеті» жасырын тұрғандай. Ал үйдің ішіне кірсеңіз, өткен ғасырдың 70-80 жылдарына түсіп кеткендей боласыз.

Әбден тозығы жеткен үй коммуналдық жүйелермен толық қамтылмаған. Бұл үйге тек электр жүйесі кірген. Оның өзі қандай жағдайда тұрғанын мына суреттен аңғара беріңіз:

Егер алда-жылда мына электр жүйесінен өрт шығатын болса, мына ғимараттың күлге айналуына айналдырған 10-15 минуттың өзі жеткілікті. Өйткені бұл үй біріншіден ескі кірпіштен салынған. Ол кірпіштердің өзі үгітіліп, мүжіліп, топыраққа айналуға жақын. Екіншіден, үйдің екі қабатының ортасы қамыспен жабылған. Оны қабырғалардың сылағы түсіп қалған жерлерінен аңғаруға болады.

Тоқталмай кетуге болмайтын тағы бір жайт, ескі үйдің құзданғаны соншалық кейбір пәтерлердің қабырғалары ортасынан сөгіліп, арғы шетінен дала көрінеді.

Ең сорақысы – жоғарыда суреттегі «апат шақырып тұрған» электр сымдары үйге кіріп-шығатын жалғыз есіктің түбінде орналасқан. Негізінен бұл үйде екі кіріп-шығу есігі болған. Екіншісін бір кәсіпкер сатып алып, қоймаға айналдырып жіберіпті. Салдарынан мұндағы тұрғындардың бәрі осы бір есіктен кіріп-шығуға мәжбүр.

Айтпақшы, мұнда бүкіл тұрғындарға жалғыз әжетхана. Осында тұратын 100-ге жуық тұрғын таңертең «туалеттің» кезегіне тұрады екен.

Электр сымдарына «апат шақырып тұр» деп айдар тағуымыз да тегін емес. Жоғарыда айтқандай бұл үйге коммуналдық жүйелер толық кірмеген. Бұл үйдің тұрғындары көгілдір отын тұтынбақ түгілі, жылу жүйесінің шарапатын көрмей отыр. Қыс түссе, бүрсеңдеп жаурап шығады. Амалсыз үйлерін электр пеші арқылы жылытуға мәжбүр. Осыдан бірнеше уақыт бұрын 13 адамның өмірін жалмаған Алматыдағы хостельдегі өрт те электр тогының тұйықталуынан шыққан болатын. «Апат айтып келмейді». Егер осы тұрғын-үйден өрт шыға қалса, оның зардабы Алматыдағы өрттен де орасан болуы мүмкін. Себебі бұл үйде 20-ға жуық отбасы тұрып жатыр.

 

Бұл үйдің тұрғындарының барлығы – пәтер жалдаушылар. Және басым көпшілігі көпбалалы отбасылар, жалғызілікті аналар, әлеуметтік осал топқа жататын жанұялар екен. Бір-екі бөлмелі пәтерді 1 айға жалдау құны – 15-20 мың теңгенің төңірегінде екен.

Тұрғындардың сөзіне сенсек, бұл үйдің осындай күйге түскеніне 10 шақты жылдың көлемі болып қалған. Десе де жергілікті билік тарапынан бұл үйдің мәселесін шешуге қадамдар жасалмаған секілді. Жасалған болса, 10 жылдан бері бұл үй «апатты» деп танылып, мемлекеттік реновация бағдарламасына енуі керек еді ғой. Мемлекеттік бағдарламаға сай, ескі үй сүріліп, орнына жаңа баспана тұрғызылуы тиіс. Алайда, бұл үйге назар аударуға жергілікті әкімдік асығар емес. Әлде олардың назарын  аудару үшін міндетті түрде «Almaty» хостеліндегідей апаттың орын алуы қажет пе?

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу