Атырауда күкірт тиелген вагондар теміржолдан шығып кетті
Атырау облысында жүк пойызының 7 вагоны теміржолдан жартылай шығып кетті. Вагондарға күкірт тиелгені анықталып отыр.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға бүгін, 14 ақпанда болған.
«Бүгін, 14 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 03:25-те Жылыой ауданы, Құлсары теміржол стансасына қарасты №11-теміржолда жүк пойызының вагондары рельстен жартылай шығып кеткені тіркелді. Жүк вагондарын алып келе жатқан тепловоздың «Теңізшевройл» ЖШС-ға тиесілі екені анықталды. Жүк пойызының құрамында 62 вагон болған. Күкірт тиелген вагондардың 7-еуі рельстен жартылай шығып кетті», — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Рельстен шығып кеткен вагондардан күкірт төгілмеген. Ешкім зардап шекпеген.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін Мақат ауданынан арнайы пойыз жолға шықты.