«Ауылдың» жұмысы ауқымды

0
198

Еліміздің саяси өмірінде елеулі орын алатын «Ауыл»  партиясы – 20 өңірлік  филиалдан, 1200-ден астам бастауыш партия ұйымдарынан тұратын қуатты иерархиялық құрылым.  Партия филиалдары еліміздің барлық облыстары мен респубикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бар. Түркістан облысы – халық саны ең көп өңір. Өңір халқының басым көпшілігі ауылды жерде тұрады. «Ауыл» партиясы – Түркістан облысында танымал саяси ұйым.

Өңірімізде «Ауыл» партиясының 28 мыңнан аса мүшесі бар. Әр қала, аудандарда партияның 17 филиалы  мен 209 бастауыш партия ұйымы, облыстық мәслихатта 4, аудандарда 13 депутаты  жұмыс істеп жатыр. Оған саяси кеңес пен Президиум мүшелерін қосыңыз. 2023 жыл филиал үшін сәтті, жемісті қорытындыланып жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. «Ауыл»  ХДПП Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалы жыл басынан бері 43 жеке қабылдау, 100-ге жуық түрлі кездесу өткізген.

Мәселен «ауылдықтарға» ауыл тұрғындары депутаттарға ұн бағасының қымбаттауы, ауыз су, инфрақұрылым мәселелері, Келте машат каналы мен ағын суы және мектептердің жағдайы бойынша өз ұсыныстары мен өтініштерін жеткізген. Партия депутаттары қайырымдылық іс-шараларында да белсенділік танытып жүр. Халық қалаулылары өз қаржылары есебінен ауыз су тарту, көше жарығын орнату, өткел көпір салу, қатты отын алып беру, азық-түлікпен қаматамасыз ету бойынша қамқорлық көрсетіп келеді.

Енді «ауылдықтардың» бастамасымен атқарылған шаруаларға тоқталайық. Мақтаарал ауданында партия филиалы  жасөспірімдер арасында облыстық «Ауыл барысы» турнирін өткізді. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған спорт додасына 200-ден аса мектеп жасындағы балуан қатысты.

Елдегі мемлекеттік мерекелер, айтулы күндер де партия назарынан тыс қалған емес. Халықаралық қарттар күніне орай Созақ, Бәйдібек аудандарының еңбек ардагерлері мен батыр аналарын өңірдегі Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне зиярат, саяхат ұйымдастырылды. Ардагерлер дәстүрлі әндерден концерт тамашалады. Ұстазын сыйлау – ұлы елге тән. Ұстаздар күніне орай, осы тәмсілді басшылыққа алып «Ұстаздар – ұлы тұлғалар» тақырыбында облыс бойынша әр аудан, қалаларда еңбегі сіңген ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді.

Айта кету керек, алғаш өткен аудан әкімдерінің сайлауына  «Ауыл»  Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан Бәйдібек ауданы әкіміне кандидат ұсынылды. Партия мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын жоғары дәрежеде атқарып, ұсынған кандидатымыз Ерлан Нұрмаханов жеңіске жетіп, әкім болып сайланды.

Биылғы сайлауда «Ауыл»  партиясы өзінің іргелі саяси күш екендігін дәлелдеп, 8 партияласымыз Парламент Мәжілісі депутаттығына сайланған болса, 226  партия мүшелері түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары атанды. Партияның эксперттік орталықтары 6 ірі жобаны қолға алып, жасап шығарды. Сонымен қатар, мамандар осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен, салалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен кездесулер өткізіп, мамандандырылған «Агробанк» құру мәселелері бойынша әлеуметтік желілерде бірнеше жарияланым ұсынды. Орталық тарапынан «Агробанк туралы» ҚР Заңының жобасына ұсыныстар әзірленді. Қазір тиісті жұмыс жүріп жатыр. Соңғы 7 жылда партияның 1200-ден астам мүшесі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған. Биыл 8 партия мүшесі Мемлекеттік наградалармен, 60-тан астам партия мүшесі ведомстволық наградалармен марапатталды.

Жоғарыда аталған іс-шараның бәрі «Ауыл»  партиясының бағдарламасының шеңберінен шықпаған. Біздің бағдар етіп алатын құндылықтарымыз — руханият пен адалдық, теңдік пен ынтымақ. Қарашаның үшінші жексенбісі – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Мүмкіндікті пайдаланып, айтулы датамен барша әріптестерді, еңбек ерлерін шын жүректен құттықтағым келеді. Ауыл – алтын қазынамыз, оны жоғалтсақ, тамырыздан да ажырағанымыз.

Нұржан Әжіметов,

«Ауыл» ХДПП Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу