Сарыағаштық мұғалімдер неден уланған: бояудан ба, трайбализмнен бе?

0
205

         Сарыағаш ауданының білім саласынан тағы да шу шықты. Ынтымақ ауылындағы Майлықожа атындағы №9 мектептің мұғалімдері мен оқушылары білім мекемесіндегі әрлеу жұмыстарының салдарынан уланып қалғанын айтып, медицина қызметкерлеріне жүгінген. Аталмыш мектепте осы оқиғадан 2 күн бұрын әрлеу жұмыстары жүргізілген екен. Құзырлы органдар ҚР қылмыстық Кодекстің 304-бабы 1-бөлігі  санитариялық қағидаларды гигиеналық нормативтерді бұзып, абайсызда адамдардың жаппай улануына әкеп соққан заң бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру  жұмыстарын бастап кетті. Бірақ бізді қызықтырғаны осыған дейін тып-тыныш болған Майлықожа атындағы №9 мектептің ұжымы жаңа директордың келісімен неге ұлардай шулап кетті? Бұл оқиғадан екі-үш күн бұрын ғана әлеуметтік желіде осы мектепке қатысты дау шыққан. Онда жаңа басшының жұмыс істеу тәсілі сыналып, әлеуметтік желі арқылы түрлі бейне-роликтер тараған. Айналдырған бір аптаның ішінде екі бірдей дауға себепкер болған білім ұясының педагогтерінің ойында не бар? Мұғалімдер мен оқушылар шынымен бояудан уланды ма? Әлде мұның астарында біз білмейтін басқа нәрселер бар ма?

         Сарыағаш ауданының білім саласында тағы да шу шықты деуіміз тегін емес. Бұған дейін де аталмыш ауданның басынан білім саласына қатысты дау арылмайтын. Оған енді Ынтымақ ауылындағы мұғалімдер мен оқушылардың бояудан улануы қосылды. Түсінікті болу үшін оқиғаны сәл әріректен бастайық.

Осыдан екі айдай уақыт бұрын БАҚ беттерінде сарыағаштық педагог Оразкүл Сопибекованың арызы негізінде «Адам емес адамдар, маман емес мамандар…елдің соры. Құдай күніңді сондайларға түсірмесін» деген мақала жарияланған-ды (https://okg.kz/post?id=35276&slug=adam-emes-adamdar-maman-emes-mamandar-eldin-sory). Онда арызданушы өзінің Сарыағаш ауданындағы №73 мектепте директорлық қызметте жүріп, зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалғанда аяқасты жұмысынан айырылып қалғанын айтқан. Оразкүл Сопибекова аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының есігін бір жылға жуық уақыт тоздырған. Алайда аудандық білім бөлімінің басшысы Дәулет Ақатов та, облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев та оның мәселесін шешіп бере алмапты. Тек БАҚ өкілдеріне жүгінген соң барып, аудан әкімі Арман Абдуллаев араласып, Оразкүл Сопибекова директорлық қызметке қайта тағайындалды. Бірақ өзінің баяғы мектебіне емес, қай мектепке деп ойлайсыз? Иә, кейінгі бір аптаның ішінде азан-қазан болған Майлықожа атындағы №9 мектепке басшы болып тағайындалды. Десе де ұжымға жаңа басшы ұнамаған сияқты. Оған әлеуметтік желіде тараған видеолар дәлел. Оразкүл Сопибекова жаңа орынға келе салып, тазалық мәселесіне көңіл бөліпті. Мектептің іші мен сыртына тазалық жүргізіп, бұл іске ұжымды түгел жұмылдырған. Ал мұғалімдер жаңа басшының бұл жұмысын сынға алып, желіде наразылық білдірген. Жоғары қабатта терезе сүртіп тұрған оқушыны видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеген. Осылайша жаңа директордың атына «кір» жақпақшы болғанға ұқсайды.

– Жаңа орынға тағайындалғанымда қуанғаным рас. Алайда мектептегі тәртіп пен тазалық көңіліме жақпады. Сондықтан ұжымды өзіміз жұмыс істейтін жерде тәртіп пен тазалық сақтауға шақырғаным рас. Бар жазығым – тазалық сақтауға шақырғаным. Ал терезе сүртіп тұрған оқушының видеосына келер болсақ, соны түсірген мұғалім шын жаны ашыса, неге балаға ары тұр, құлап кетесің деп ескертпеді? Ол видеоның өзі әдейі түсірілген бе деген күдігім бар, – дейді Оразкүл Сопибекова.

Директордың күдігін қоюлата түсетін тағы бар жайт бар. Мектеп мұғалімдерінің толассыз шағымынан кейін бұл білім ордасына облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевтің өзі барған екен. Сонда мұғалімдердің бірі: «Директор бізді таңғы сағат 7:00-де жұмыста болуға мәжбүрлейді» деп айтқан екен. Алайда оның бұл сөзін әріптестерінің ешбірі растай алмады. Демек бұл – директорға жабылған негізсіз жалалардың бірі.

Тазалық туралы дау басылмай жатып, мектептен тағы бір шудың басы қылтиды. 5 ақпан (дүйсенбі) күні сабаққа келген 29 оқушы мен 10 мұғалім бояудың иісіне уланып, оның ішінде 3 мұғалім Сарыағаш қалалық орталық ауруханасына жеткізілген. Барлығына  «газдардың, түтіндердің және булардың уытты әсері» (токсическое действие газов, дымов и паров неуточненный) деген диагноз қойылып, жағдайлары қанағаттанарлық болған соң олар да  үйлеріне қайтарылған.

(бейнерепортаждан скриншот)

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұлттық сараптама орталығымен бірлесіп тексеру  жұмыстарын жүргізуде. Оның қорытындысы бойынша әрлеу жұмыстарына қолданылған бояудың пайдалануға рұқсаты болған ба, шекарадан заңды түрде өткен бе, бәрі анықталады. Егер қолдануға рұқсат етілмеген бояу екені расталса, директор Оразкүл Сопибекова мен оның жауапты орынбасарлары жауапқа тартылады.

Мақала тақырыбына «трайбализмді» шығаруымыз тегін емес. Себебі, дәл осы мектепке директор тағайындау кезінде «рушылдық дерті» бой көрсетті деген алып-қашпа әңгіме бар. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамаушы еді ғой». Тағайындалғанына бір апта да болмаған директор Оразкүл Сопибекованың басынан дау арылмауы біздің де күдігімізді қоюлата түседі. Қалай десек те біз бұл мәселені назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Мән-жайдың қалай өрбитінін бақылап, хабарлап отырамыз.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу