
Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері патриоттық тәрбие беру және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында «Жас сақшы» ұйымының оқушыларымен тәжірибелік кездесу өткізді. Оқушылар полиция ғимаратының қызмет бөлмелерін аралап көріп, оның ішінде жедел басқару орталығы, криминалистикалық сараптама кабинеті және уақытша ұстау изоляторымен танысты. Сонымен қатар тир ату алаңында полицейлердің қарумен қалай жұмыс істейтінін тамашалады.
Іс-шара барысында жасөспірімдерге атыс қаруының түрлері таныстырылып, оны шашып-жинау тәсілдері көрсетілді. Жаттығу сабағын қарулану бөлмесінің меңгерушісі Нұрмағанбет Муғражов жүргізді. Сабақ барысында қарудың құрылымы мен қауіпсіздік техникасы туралы толық мағлұмат берілді.
Өз кезегінде оқушылар тәжірибе алмасып, қаруды шашып-жинап көрді. Іс-шара жасөспірімдердің әскери-қолданбалы машықтарын жетілдіруге бағытталған. Полиция бөлімінің қызметкерлері мұндай сабақтар жастардың бойында тәртіп пен жауапкершілік сезімін қалыптастыратынын атап өтті.
Экскурсия ары қарай Қ.Жандарбеков атындағы драма театр жанындағы музейде жалғасты. Мұнда жасөспірімдер құнды жәдігерлермен танысты. Бұл шара «Жас сақшылардың» полиция мамандығына деген қызығушылықтарын арттырып, оның маңыздылығын тереңірек түсінуге жол ашты.